Мобильді байланыс тарифтері қаншаға қымбаттайды?

Мобильді байланыс тарифтері қаншаға қымбаттайды?
Фото: depositphotos.com

Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары бірқатар тарифтік жоспардың бағасын қайта қарауды жоспарлап отыр. Компания өкілдерінің мәліметінше, қызмет құны орта есеппен 10–12 пайыз көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Massaget.kz.

Операторлар тарифтердің қымбаттауын телекоммуникация инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалатын инвестицияның артуымен, электр энергиясы мен жабдықтар бағасының өсуімен және мобильді интернетті тұтыну көлемінің ұлғаюымен байланыстырады.

Beeline тарифтері қалай өзгереді?

Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, компания 2026 жылы тарифтерді орта есеппен 10 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Баға барлық абонент үшін бір уақытта өзгермейді.

"Өзгеріс әртүрлі тариф бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бір абонент үшін тариф құны жылына бірнеше рет көтерілмейді – ең көбі бір рет өзгереді", – деді ол Үкіметтегі брифингте.

Компания басшысы жоспарланған өсім инфляция деңгейінен аспайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қосымша қаражат байланыс желісін дамытуға және қызмет сапасын арттыруға жұмсалады.

Kcell тарифтері 10–12 пайыз өсуі мүмкін

Kcell басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин де тарифтерді қайта қарау қажеттігін инфрақұрылымды дамыту шығынымен түсіндірді.

Компания кейінгі төрт жыл ішінде желіні жаңғыртуға 468 миллиард теңге жұмсаған. Соңғы үш жылда 4G базалық станцияларының саны 5 мыңнан 11 мыңға жуық деңгейге дейін көбейген. Бұған қоса, 5G желісін дамыту үшін 3 мыңға жуық станция орнатылған.

Компания мәліметінше, тарифтердің қалыптасуына:

  • электр энергиясының қымбаттауы;
  • телекоммуникациялық жабдықтар бағасының өсуі;
  • желілерді күтіп ұстау шығыны;
  • жаңа базалық станциялар салуға жұмсалатын инвестиция әсер етеді.

"Тарифтік жоспарлардың құнын нарықтағы жағдайға сәйкес түзетеміз. Орташа өсім 10–12 пайыз көлемінде болады", – деді Асқар Жамбакин.

Tele2 және Altel тарифтерінің бағасы қаншаға өсуі ықтимал?

Tele2 және Altel брендтерін басқаратын "Мобайл Телеком – Сервис" компаниясы да кейбір тарифтердің бағасын қайта қарастыруы мүмкін.

Компания басшысы Александр Бабичевтің айтуынша, кейінгі жылдары бір абонент пайдаланатын мобильді интернет көлемі төрт есе артқан. Бұл байланыс желілеріне түсетін жүктемені көбейтіп, инфрақұрылымға қосымша инвестиция салуды талап етеді.

Оператор 2027 жылы кейбір тарифтік жоспардың бағасын шамамен 10 пайызға көтеруі мүмкін. Компания өкілінің сөзінше, өсім 15 пайыздан аспайды.

"Байланыс сапасы жақсарып, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы жөніндегі рейтингтерде жоғары көтерілуі керек. Бұл өзгерістерді әрбір азамат сезінуге тиіс", – деді Бабичев.

Операторлар бағаның нақты қаншаға өсетіні тарифтік жоспарға байланысты болатынын атап өтті. Абоненттерге өзгерістер туралы алдын ала хабарлануға тиіс.

Министр тарифтер туралы не деді?

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстандағы мобильді байланыстың орташа тарифі әлемдік орташа көрсеткіштен үш есеге жуық төмен. Бұл туралы ол 24 қарашадағы Үкімет отырысында мәлімдеген еді.

"Елімізде мобильді байланыстың орташа тарифі айына шамамен 10 доллар. Әлемдік орташа көрсеткіш Ц 27 доллар. Яғни еліміздегі тариф үш есеге жуық арзан. Ал интернет-трафик өсіп келеді", – деді Мәдиев.

О. Сансызбай
Logotype Massaget