Мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережесі 8 қарашада күшіне енеді

Мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережесі 8 қарашада күшіне енеді
Фото: depositphotos.com

8 қарашада Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енеді. Жаңа талап қазанда жасалған аударымдарға да қолданылады. Толық мәліметті Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді, деп хабарлайды Massaget.kz.

8 қараша
жаңа ереже күшіне енетін күн
1 557 000 теңге
2026 жылғы жаңа шекті сома
360 АЕК
енді шек ЕТЖ-ға емес, АЕК-ке байланысты

Президенттің ең төменгі жалақы мөлшерін 2027 жылдан бастап 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырмасынан кейін мобильді аударымдарды бақылау шегінің қалай есептелетініне қатысты сұрақ туындады. Өйткені бұған дейін салық органдары назар аударатын аударымдардың шекті сомасы ең төменгі жалақыға байланысты болатын.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, министрдің 23 қазандағы бұйрығымен аударымдардың шекті сомасы 12 ЕТЖ-дан 360 АЕК-ке өзгертілген.

НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІС
Шекті мөлшер 1 020 000 теңгеден 1 557 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Жаңа шек қазан айына да қолданылады

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұйрық 2026 жылғы 8 қарашада күшіне енеді. Соған қарамастан, жаңа шекті мөлшер төртінші тоқсанның бүкіл кезеңіне – қазан, қараша және желтоқсан айларындағы аударымдарға қолданылады.

«Аударымдардың шекті сомасын 12 еселенген ЕТЖ-дан 360 еселенген АЕК-ке ауыстыру жеке тұлғалардың жағдайын нашарлатпайды, керісінше жақсартады. Сондықтан 2026 жылдың төртінші тоқсанындағы мәліметтерді бағалау кезінде 360 АЕК мөлшеріндегі жаңа критерийді қолдану туралы шешім қабылданды», – делінген комитет жауабында.

Демек қазаннан желтоқсанға дейінгі аударымдарды бағалау кезінде 1 557 000 теңге мөлшеріндегі жаңа шек есепке алынады.

2027 жылы не өзгереді?

2027 жылдан бастап мобильді аударымдардың шегі сол жылғы 1 қаңтарда белгіленген АЕК мөлшеріне қарай есептеледі. АЕК өзгерген сайын шекті сома да автоматты түрде қайта есептеледі. Ол үшін жыл сайын бұйрыққа өзгеріс енгізудің қажеті болмайды.

АЛДЫН АЛА ЕСЕП
Егер 2027 жылы АЕК 4693 теңгеге дейін өссе, мобильді аударымдардың шегі 1 689 480 теңге болуы мүмкін.

Бұл әзірге алдын ала сома. Республикалық бюджет жобасы түпкілікті мақұлданғаннан кейін нақты көрсеткіш белгілі болады.

Егер тексерілетін үш айлық кезең екі күнтізбелік жылды қамтыса, мысалы 2026 жылғы желтоқсаннан 2027 жылғы ақпанға дейін созылса, бірыңғай шекті мөлшер қолданылады. Ол бағалау жүргізілетін жылдың 1 қаңтарындағы АЕК бойынша есептеледі.

Кімдердің аударымдары тексерілуі мүмкін?

Салық органдарында сұрақ туындауы үшін төмендегі үш шарттың барлығы бір мезгілде орындалуы керек:

1
Жеке тұлға қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан көп түрлі адамнан аударым алса.
2
Осы кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 360 АЕК-тен, яғни 2026 жылы 1 557 000 теңгеден асса.
3
Ақша кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке банктік шотқа түссе.
Маңызды Үш критерийге сәйкес келу азаматтың салық заңнамасын бұзғанын білдірмейді. Сондай-ақ шотқа түскен ақшаның бәрін автоматты түрде кәсіпкерлік табыс деп тануға негіз болмайды.
О. Сансызбай
Logotype Massaget