- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- мобильді аударым
Мобильді аударымдарды тексеру: министрлік маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің оңтайлы жолы іздестіріліп жатыр. Бұл бағытта Қаржы министрлігі жаңа бастама көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір қалай?
Қазір банктер үш ай бойы әртүрлі адамнан 100-ден аса аударым алған қазақстандықтар туралы салық органдарына ақпарат беруі қажет. Тағы бір маңызды шарт: ақша түскен шот кәсіпкерлік қызметке арналмауға тиіс.
Жаңа бастама туралы
Енді Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа өзгерістер енгізуі мүмкін.
"Қолданыстағы шарттарға шекті сома қосылады, яғни бұл дегеніміз түскен мобильді аударымдар 3 күнтізбелік ай ішінде 12 АЕК-тен (1 020 000 теңге) асуға тиіс", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, екінші деңгейлі банктерге 3 ай ішінде 1,02 миллион теңгеден аз мобильді аударым түскен қазақстандықтар туралы ақпаратты салық органдарына бермеуге рұқсат етіледі. Мобильді аударымдардың саны үш ай бойы 100-ден көп болған жағдайда да рұқсат етіледі.
Қаржы министрінің тиісті бұйрығы қазір Ұлттық банктің қарауында. Яғни шешім әлі қабылданған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстанда айына 255 мың теңгеден басталатын мобильді аударымдарды бақылау туралы сұраққа жауап берді. Ол бұл мәселе қызу талқыланып жатқанын жеткізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова