Мобильді аударымдар: 8 қарашадан бастап не өзгерді?

Мобильді аударымдар: 8 қарашадан бастап не өзгерді?
Фото: depositphotos.com

Бүгін, 8 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енді. Енді салық органдарының назарын аударуы мүмкін аударымдардың шекті сомасы 1 557 000 теңгеге дейін өседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі талаптарының бірі – қатарынан үш ай ішінде түскен ақшаның жалпы сомасы. Бұған дейін бұл сома ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен, яғни 2026 жылы 1 020 000 теңгеден асуы керек болатын.

Жуырда қаржы министрі мобильді аударымдарды тексеру шегін ең төменгі жалақыға емес, айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыратын бұйрыққа қол қойды.

Жаңа ережеге сәйкес, үш ай ішінде түскен аударымдардың жалпы сомасы 360 АЕК-тен, яғни 2026 жылы 1 557 000 теңгеден асқан жағдайда салық органдары тексеріс жүргізуі мүмкін. Осылайша шекті сома 537 мың теңгеге өсті.

Ал қалған талаптар өзгеріссіз қалды. Атап айтқанда, салық органдарының тексеруіне ілігу үшін азаматтың шотына қатарынан үш айдың әрқайсысында кемінде 100 түрлі адамнан ақша түсуі керек.

Қазан-желтоқсандағы аударымдар қалай тексеріледі?

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Tengrinews.kz басылымына жаңа ережелер бұйрық тек 8 қарашада күшіне енгеніне қарамастан, 2026 жылдың төртінші тоқсанына толық қолданылатынын хабарлаған. Яғни салық органдары қазан, қараша және желтоқсандағы мобильді аударымдарды тексергенде жаңа шекті соманы – 1 557 000 теңгені негізге алады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мұндай шешім жаңа талаптардың азаматтар үшін тиімді болуына байланысты қабылданған.

Бұған дейін мобильді аударымдарды тексерудің жаңа тәртібі қалай жұмыс істейтіні және 2027 жылы шекті соманың қаншаға дейін өсуі мүмкін екені хабарланған еді.

Республикалық бюджет жобасына сәйкес, келесі жылы айлық есептік көрсеткішті 4 325 теңгеден 4 693 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Осыған байланысты мобильді аударымдардың шекті сомасы 1 689 480 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қанша қазақстандықтың мобильді аударымдары бақылауға алынғанын және салық органдарынан хабарлама алғаннан кейін қанша азаматтың жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелгенін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget