Екінші деңгейлі банктер азаматтардың мобильді аударымы туралы деректі салық органдарына тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс дәлізінде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазір салық қызметкерлері осы ақпарат жиынтығын өңдеп, салыстырып жатыр, сондықтан хабарламалардың нақты саны мен азаматтардың санаты туралы айтуға әлі ерте.
"Бүгінде барлық банк деректі ұсынды. Қазір осы деректі өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қандай санаттар бары, қандай шаралар қолданылатыны туралы әзірге ешқандай қорытынды бере алмаймыз, алғашқы хабарламаларды тек мамырда жолдай бастаймыз", - деді ол.
Вице-министр салық мамандары келген мәліметті санаттарға бөлуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар, әртүрлі банктен келген деректі салыстыру керек.
Еске салайық, бұған дейін мобильді аударымдарды тексерудің жаңа түрі іске қосылғаны хабарланды. Енді жеке тұлғаның есепшотына үш ай үздіксіз 100-ден аса аударым түсіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, мониторингке ілігеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова