Мобильді аударым бойынша тексеріс: 115 мың адам салық органдарының назарына іліккен

Мобильді аударым бойынша тексеріс: 115 мың адам салық органдарының назарына іліккен
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Салық органдары азаматтар мобильді аударым арқылы кімге және қалай ақша жібергенін тексерген. 115 мың адамға қатысты сұрақ туындаған. Мәжіліс дәлізінде қаржы министрі Мәди Такиев осы жағдайдың егжей-тегжейін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәди Такиевтің сөзінше, ведомство 10 банкпен бірлесіп, жеке тұлғалардың мобильді аударымын тексерген.

Талдау қорытындысы бойынша 115 мың адам үш ай ішінде сомасы 1 020 000 теңгеден асатын 100-ден аса аударым алғаны анықталған. Аударымдардың жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асқан.

"Негізгі сома жеке тұлғаларға тиесілі. Шамамен 67 мың жеке тұлға, мөлшері - 670 миллиард теңге. Бірақ ол жерде бейрезиденттер де бар екені анықталды: 7 800 бейрезидент", - деді шенеунік.
 

Енді бұл адамдардан ақша қайдан түскені және қандай мақсатқа арналғаны сұралады.

"Бұл ақша қайдан келгенін, қайда аударылғанын сұраймыз. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер де бар, олардың сомасы аз, 200 миллиард теңге. Барлығына хабарлама жіберілді. Мақсат - жазалау емес, жағдай қалай болғаны туралы түсініктеме алу. Олардың арасында такси қызметін көрсететін жеке тұлғалар мен курьерлер өте көп болып шықты", - деп түсіндірді Мәди Такиев.

Айта кетейік, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мобильді аударымды тексерудің жаңа ережелері күшіне енді. Жеке тұлғаның есепшотына үш ай үздіксіз 100-ден аса аударым түсіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, мониторингке ілігеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget