Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалған Динара Зәкиева жаңа қызметіне қатысты пікір білдіріп, ұялы телефонын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгін Мемлекет басшысы мені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады. Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл - балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын", - дейді Зәкиева.
Жаңа омбудсменнің сөзінше, қазірдің өзінде жекесіне сұрақтар мен ұсыныстар келіп жатыр.
"Ұсыныстарыңыздың барлығын да қарастырамын деп уәде беремін. Әрдайым ашықпын. Осы жерге жеке телефон номерімді қалдырамын. (тел: 8 705 884 70 40) Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін. Бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүремін. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Бүгін өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен және эвакуациялық пункттердегі балалармен кездесу үшін Абай облысына барамын. Бала - баршамызға ортақ. Бала - бақытымыз. Баланың құқығын қорғау әрқайсымыздың міндетіміз. Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан, бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым - осы", - дейді ол.
Еске салайық, бүгін бұған дейін бұл қызметте болған Аружан Саин Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатылған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!