- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шекарадағы шектеу
МКК қазақстандықтарға Өзбекстанмен шекарадағы шектеулер туралы ескерту жасады

Қазақстан-өзбек шекарасындағы "Қапланбек" және "Науаи" автомобиль өткізу пунктері ашылды, алайда оның жұмысында шектеулер болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, өзбек тарапының жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін "Гишт-Куприк" (ҚР іргелес "Жібек жолы" кеден бекеті) өткізу пунктін уақытша жабуына байланысты "Қапланбек" (ҚР) және "Науаи" (ӨР) өткізу пунктері екі тараптың келісімі бойынша жеке тұлғалардың жаяу жүруі, жеңіл автокөліктер мен автобустардың өтуі үшін ашылады.
"Қазақстан және Өзбекстан тарапымен "Қапланбек" және "Науаи" өткізу пунктерінде бір уақытта жаңғырту мен техникалық жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, бүгін осы өткізу пунктерінің техникалық ашылуы жүргізілді. Іске қосу жұмыстарына байланысты 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында жеке тұлғалардың, жолаушылар көліктері мен автобустардың өтуі шектеулі мөлшерде жүзеге асырылады. 5 ақпаннан бастап өткізу пункті толығымен жұмыс істейді", - делінген хабарламада.
Одан әрі, екінші кезеңде, тараптар келіскеннен кейін осы өткізу пунктерінде жүк автокөлік құралдарын өткізу жүзеге асырылады.
"Көлік ағыны қозғалысының барлық циклі автоматтандырылған. Өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жеке тұлғаға және 800 автокөлік құралына дейін ұлғайтылады деп жоспарланып отыр. "Жібек жолы" кеден бекетінің уақытша жабылу күні қосымша хабарланады", - деп хабарлады ведомство.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лес