- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мирзиеев Қарақалпақстан егемендігі...
Мирзиеев Қарақалпақстан егемендігі туралы конституция бабы өзгермейтінін мәлімдеді
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нүкісте өткен кеңесте Қарақалпақстан тұрғындарының наразылығын туғызған түзетулер ел конституциясының 70, 71, 72, 74 және 75-баптарының қолданыстағы редакциясы өзгеріссіз сақталуы керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Өзбекстан мемлекет басшысының баспасөз хатшысының Telegram-арнасына сілтеме жасап.
2 шілдеде Мирзиеев Нүкіске келіп, Жоқарғы Кеңес депутаттарымен, аға буын өкілдерімен және Қарақалпақстан активімен кездесті.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі
"Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды талқылау әлі де жалғасып жатқанын, сондай-ақ Қарақалпақстан тұрғындары айтқан пікірлерді зерделеу негізінде президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75-баптарының қолданыстағы редакциясын өзгеріссіз сақтау қажет екенін атап өтті", - делінген президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өз сөзінде Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан тұрғындарына бірлік, ғасырлық достық пен бауырластық, өзара құрмет пен мейірімділікті сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға тырысатын адамдарға қатысты заң аясында қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті.
Өзбекстанның қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан осы республика халқының жалпы референдумы негізінде ел құрамынан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Жақында ел конституциясына түзетулер жобасына сәйкес бұл ережелерді алып тастау ұсынылатыны белгілі болған еді. Қарақалпақстан халқы бұл өзгерістерге наразылық білдірді.
Өзбекстан ІІМ мәліметінше, заңсыз демонстрациялар 1 шілдеде сағат 15.00-де басталды. Қарақалпақстан тұрғындары қала бойынша шеру ұйымдастырды, содан кейін олар орталық дехкан базарының аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырды.
Айта кетейік, Өзбекстанда конституцияға өзгерістер еніп жатыр. Оның ішіндегі Қарақалпақстанға қатысты 17 бөлім бар. Мұндағы бөлімнің екі негізгі тезисі Қарақалпақстанның егемен республика екенін және осы республиканың халқы Қарақалпақстан тұрғындарының жалпы референдумы негізінде Өзбекстаннан бөлінуге құқылы екені жазылған. Дәл осы тармақтар Конституцияның жаңа редакциясынан алып тасталады деп пайымдаған тұрғындар наразылыққа шыққан.
Қарақалпақстан - Өзбекстан аумағының үштен бір бөлігін алып жатқан республика. Аймақтың 80 пайыздан астамын шөл басқан. Қарақалпақстан Әмудария өзенінің алқабында орналасқан, Арал теңізінің жағалауына дейін жетеді, құрғағаннан кейін су қоймасының солтүстік-батыс бөлігі сілтілі тұздарға байланысты экологиялық апат аймағы деп жарияланған. Мұнда бір миллион 800 мыңнан астам адам тұрады, олардың жарты миллионнан астамы – қарақалпақтар.
А. Құлтай