- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Министрлікте ұят жоқ...
"Министрлікте ұят жоқ екен" Серікзат Дүйсенғазы Президентке мәлімдеме жасайтынын айтты
Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы Көкшетаудағы демалыс орнында қаза тапқан болатын. Ақын алдағы уақытта "Елікті" базасындағы кемшіліктер туралы Президент пен Парламентке арнайы мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
Ақынның айтуынша, үш қылмыстық іс тіпкелсе де Ақмола облысындағы департаменті "Елікті" шаңғы базасында барлық техникалық қауіпсіздік сақталған деген қорытынды шығарған.
"Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінде де ұят жоқ екен. 2023 жылдың қаңтар айында үш қылмыстық оқиға тіркелсе де (Әлиханнан кейін екі адам соғылған) Ақмола облысындағы департаменті "Елікті" шаңғы базасында барлық техникалық қауіпсіздік сақталған деген қорытынды шығарыпты. Полиция барлық кемшілікті көрсетіп берсе де эксперт мамандардың шешіміне қауқарсыз болып отыр. Осындан кейін бұл министрлікті жемқорлық жоқ деп кім айтады? Өткенде арнайы жұмыс тобын құрып тексереміз деген министр Асхат Оралов інімнен де әлі хабар жоқ. Негізі, уәдесіне берік жігіт еді. Қаптаған мерекеден қолы тимей жатқан шығар деп отырмын. Егер қылмыстық іс әділ шешілмесе Президент пен Парламентке "Елікті" базасындағы соқыр адам көретін кемшіліктерді көрсете отырып, арнайы мәлімдеме жасаймын", - деді ол.
Серікзат Дүйсенғазы ұлының кішкентай кезінен ғылымға жақын болғанын, басқа балалар сияқты ойнамағанын айтады.
"Әлихан Мақсұт атындағы "RoboZerde-2023" 1 қалалық робототехника фестиваліне де санаулы күндер қалды. Марқұм Әлиханымның қысқа ғана ғұмыры тек осы пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысумен өткен соң, ол қазақтың басқа балаларына да ғибрат болсын деген ниетте осындай қадамға барып жатырмыз. Баламның соңғы демі халықаралық "Жәутіков" олимпиадасының он күндік дайындығынан өтіп барып үзіліп кеткен еді. Ес жиып, етек жапқаннан ғылым мен білімнің майданына араласты. Ол басқа балалар құсап жарытып ойнаған да жоқ. Оған уақыты да болмады", - деді ол.
Жақында ақынның ұлы Әлихан туралы деректі фильм шығады.
"Біз Әлиханға арналған фестивальді әдеткі олимпиадалардан ерекшелеу үшін ұстаздары мен достарының естеліктерінің желісі бойынша деректі фильм түсіру жұмысын қолға алдық. Мұны қалай жасаймын деп отырғанда Құдай бере салған атақты режиссер Мұрат Есжан бауырым көмекке келе қалды. Әлиханның оқыс қазасы Мұраттың да жүрегінің үстінен өтіпті. Менімен бірге қатты қайғыра жүріп, осы жұмысты өз қолына алды. Әрине, фильм түсіру үшін кәсіби команда керек. Оған режиссер, актер, оператор, жарық қоюшы, монтажер, гример, т.б. кіреді. Оның әрқайсын жалдау үшін қыруар қаржы қажет. Өткенде үйге көңіл айта келген курстасым Мұхамеджан Тазабек идеямды тыңдап, түсірілім болса көмектесемін деп кеткен. Өз қалтасынан қаржы шығарып, Берік деген мықты операторын жіберіпті. Уәдеге беріктік деп осыны айтады. Төрт жыл бірге оқыған көзкөргендігін көрсетті. Мұхаңа Алла разы болсын! Мұрат өзімен бірге Алматыдан Райымбек деген кәсіби монтажерді ерте келіпті. Әлиханның рөліне Ұлттық Өнер университетінен Сайлау Құмаев досымның Нұрхат деген жас актер шәкіртін тауып алдық. Сонымен, "Зерде" мектебінде, кітапханада, үйде, паркте түсірілімдер жасадық. Нәтижесін үлгерсек 13 мамыр фестиалддің ашылу салтанатында көрсетпекпіз. Деректі фильмге қажет деп Әлиханның орыс тілі мұғалімі Бибігүл Тобықтықызына берген орысша төрт өлеңін аудардым. Басқа қазақша, орысша өлеңдері телефонының заметкасында екен. Телефоны тергеу істері аяқталмауына байланысты полицияда жатыр.
Көпшлікітің сұрауы бойынша Әлиханның қолда бар төрт өлеңін аудармасымен келесі посттан оқи аласыздар", - деді Серікзат Дүйсенғазы.
Айта кетейік, бұған дейін Серікзат Дүйсенғазының ұлы қайтыс болғаны хабарланған еді. Кейінірек Серікзат Дүйсенғазының ұлы қаза тапқан курортта тағы екі қыз жарақат алғаны белгілі болды.
Т. Раушанұлы