Министрлік су тасқыны қаупі жазықтан келеді деп күтпеген

Министрлік су тасқыны қаупі жазықтан келеді деп күтпеген
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов еліміздегі су тасқыны жағдайына тоқталып, жазық даладан тасқын қаупі төнеді деп күтпегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында вице-министрге "Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына неге дайын болмады?" деген сұрақ қойылды.

Бауыржан Сыздықов министрлік тиісті жұмысты атқарғанын жеткізді.

"11 өңірдегі 46 елді мекенде тасқын қаупі алдын алынды. Су тасқыны болған 5 облысқа тоқталайын. Су өзендерден емес жазықтан келіп жатыр. Шынымызды айтсақ, су біз күтпеген жақтан яғни даладан келді. Соңғы 30 жылда су тасқыны қаупі даладан туындамаған. Сондықтан біз «Тасқынға қарсы дер кезінде ден қойдық деп айта аламыз. 46 елді мекендегі үйлердің су астында қалуын болдырмадық", - деді ол.

Министрдің орынбасары жазықтағы қар суын тасқынға қарсы дайындық кезінде есепке алу халықаралық тәжірибеде жоқ екенін атап өтті.

"Мені дұрыс түсінбеген шығарсыз. Тағы да қайталап айтайын. Осыған дейін болған су тасқыны өзендерде тіркелді. Яғни, су қоймалары мен гидротехникалық имараттар бар аумақтарда болған, ал даладан ағып келіп жатқан судың өзендерге қатысы жоқ. Яғни, қардың суы тұтастай даладан келіп жатыр. Бүгінде даладан келетін қардың суы ешбір елде ескерілмейді. Түсініп тұрсыз ба? Өзендерден, су қоймаларынан, бөгендерден келетін су ғана ескеріледі. Осыны түсіну керек", - деді вице министр.

Бұған дейін ол еліміздегі су тасқынынан 15 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшіліргенін айтқан еді.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz