- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министрлік Ресейлік мигранттарды...
Министрлік Ресейлік мигранттарды қазақстандықтар ұрып-соқты деген видеоға түсініктеме берді
"Жесть дня" Telegram-арнасында Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соққан видеосы жарияланды. ҚР ІІМ аталған видеоға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды StopFake.kz.
Видеода зардап шегуші - Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал шабуылдаушылар - Қазақстан азаматтары және жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған деп көрсетілген.
Ведомство мәліметінше, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
"Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ", - деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Бұл кадрларды Қазнет пайдаланушылары жарыса талқылап жатыр. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кеткенін жазды.
"Соңғы кездері ашық арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кетті. Қазақстанда болмаған оқиғаны осы жерде болды деп көрсету, фейк ақпаратты таратудың түпкі мақсаты белгілі. Қазір елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар мен көптеген елдің лидерлерінің келуі, халықаралық деңгейдегі түрлі тарихи маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақстан имиджіне оң әсер етері белгілі. Ал әлгіндей жалған, әдейі жасалған ақпараттық шабуылдар уыздай ұйып отырған ұлттың берекесін кетіру үшін әдейі жасалатыны анық. Сондықтан әсіресе, әріптестеріме әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға сергек қарап, тек қана дәйекті мәліметтерге сүйенуін сұраймыз", - деп жазды министр.
Мысалы, блогер Ұлан Әбішев ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған бұл видеоны қойылым деп санайды.
"Түрлі ақпараттың, фейктердің көп таралуы, сайттарға жасалған DDoS -шабуылдар - біреулер Қазақстанға қатысты ақпараттық науқан жүргізіп жатқанға ұқсайды", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова