Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы қыз баланы ұрып тастаған. Бұл ақпаратты Оқу-ағарту министрлігі растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан бұл ақпаратты ОКҚ алаңында өткен брифингте растады.
"Әлеуметтік желіде пайда болатын әр дерек бойынша тексеріс жүргізіп, мемлекеттік органдарға хабарлаймыз. Бұл дерек бойынша қазір тергеу жүріп жатыр, сәйкесінше қажет шаралар қабылданады. Қыз баланы ұрған оқушы әкімнің баласы екені расталды", - дейді Еділ Оспан.
Бұл ақпаратқа қатысты балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина да түсінік берді. Оның айтуынша, жанжал осы жылдың қаңтар айында Павлодар облысындағы мектептердің бірінде болған.
"Биыл қаңтарда тіркелді. Қазіргі уақытта іс ювеналды сотта қаралып жатыр. Баланың ата-анасын да әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша отырыс өтті", - дейді Овечкина.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде жәбірленуші қыздың анасы жолдаған үндеу тараған болатын. Полиция бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Жанжал Павлодардағы мектептің бірінде 7 және 6-сынып оқушыларының арасында болған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз