Министрлік өкілі балалар арасында қызылша өршуіне қатысты пікір білдірді

Министрлік өкілі балалар арасында қызылша өршуіне қатысты пікір білдірді
Фото: Massaget

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда балалар арасында қызылша дерті өршуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Биыл елімізде қызылша дертін жұқтырғандар саны 11 мыңнан асты. Жалпы сыртқанттанғандардың 83 пайызы - 0-14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85 пайызы - екпе алмаған балалар. Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл облыстарында мәселе өте өзекті", - деді Тимур Сұлтанғазиев Сенат кулуарында.

Вице-министр ауру неге бұл өңірлерде өршігенін айтты.

"Бұл аймақтарда халық тығыз қоныстанған және туу коэффициенті де жоғары. Сондықтан ауру жұқтырғандар санының өсуі байқалды", - деді ол.

Сонымен қатар, Тимур Сұлтанғазиев елімізде қызылша дертінің өршу себебіне тоқталды.

"Қызылшаны жұқтырғандар саны өсуі Қазақстанда ғана емес, әлемде тіркеліп отыр. Негізгі себептердің бірі, бұрын айтылғандай, коронавирус кезінде басқа ауруларға қарсы вакцинаның жүргізілмеуі", - деді министрдің орынбасары.

Сөз соңында ол мәселе бақылауда екенін, балаларға екпе салына бастағанын жеткізді.

"Жағдайды дұрыстау үшін Қазақстанның бас санитария дәрігері Айжан Есмамағамбетова 6-11 айлық сәбилерге вакцина салу туралы шешім қабылдады. 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға да қосымша екпе салынады", - деп Тимур Сұлтанғазиев.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz