Министрлік көмір бағасына қатысты: “Бағаны ешкім бақыламайды“

Министрлік көмір бағасына қатысты: “Бағаны ешкім бақыламайды“
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көмір бағасына қатысты бірнеше сауалдарға жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елімізде қыс мезгілі жақындаған сайын көмір бағасына қатысты бірнеше жыл қатарынан әртүрлі дау-дамайлар болып тұрады. Әсіресе жылыту маусымы алдында тұрғындар тарапынан бағаның өсуіне, жеткізілім шараларына және қара базар мәселесіне қатысты шағымдар туындайды. 

Министрлік не дейді?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір бағасына қатысты мемлекет бағаны реттемейтінін айтты.

"Жылумен жабдықтау тарифтері Ұлттық Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне кіреді. Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір бағасына қатысты мемлекет бағаны реттемейтінін хабарлаймыз. Түпкі тұтынушының көмірге бағасы өңірлік көмір операторы биржалық баға бойынша қимадан, көмірді темір жолмен тасымалдау тарифтерінен, вагонды жалға алудан, тұйық қызметтерден (жұмысшылар, техника, отын, тұйықты жалға алу және өзге де шығындар) және тасымалдау бойынша автокөлік қызметінен сатып алған кезде көмір құнынан қалыптастырылады", – делінген ресми жауапта. 

Сонымен қатар мемлекеттік мекеме биылғы жылғы көмір бағасын атап, оның өңірлердегі өсу себептерін түсіндіріп берді. 

"Бүгінгі таңда кесінділердегі көмірдің орташа бағасы тоннасына 7,1-ден 9 мың теңгеге дейін (ҚҚС-пен) өзгереді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша өңірлерде бағасы көмір маркасына, жеткізу қашықтығына, көлік түріне және көмір темір жол тұйықтарының болуына байланысты тоннасына 8-ден 28 мың теңгеге дейін ауытқиды. Сату нүктелерінде көмірдің қымбаттауының негізгі себептері бөлімдегі көмірдің құнын, ҚТЖ тарифтерін, вагондарды жалға алуды арттыру болды. Сонымен қатар тұтынушылар үшін көмірдің құны көмірді тұйықтан тұтынушыға жеткізу деңгейінде артады", – дейді министрлік. 

"Бағаны қалыптастыру процесін ешкім бақыламайды"

Соңғы кезеңде көмір бағасының қалыптастыру процесін ешкім бақыламайтынын атады министрлік. Мұның себебін олар, қызметтерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың әрекетімен түсіндірді. 

"Алайда соңғы кезеңде бағаны қалыптастыру процесін ешкім бақыламайды, өйткені қызметтерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (КАМазистер) жүзеге асырады", – деп қосты мекеме. 

Халықтың шағымы

Өңірлердегі, әсіресе, орталық жылу жүйесіне қосылмаған, әлі де шаңырағын көмірмен жылытып отырған қарапайым халық үшін көмір бағасы жыл сайын өзекті мәселе болып қала береді. Алматы облысындағы қарапайым ауыл тұрғыны (есімін жасырып қалуды өтінді – жур.) биылғы қысқа дайындық барысы жайлы айтып берді.

"Жылда қысқа дайындықты ерте бастаймыз. Соның арқасында ғана әйтеуір арзан бағаға аузымыз ілініп жүр. Былтыр жазда Шұбаркөл көмірінің тоннасын 21 мыңнан алған едім. Биыл тамызда 24 мыңнан алдық. Қазір, міне, қыс жақындаған сайын бағаны үсті-үстіне қосып жатыр. Біздің ауылға 28 мыңнан әкеліп жатыр. Бұл баға халықтың жағдайы жоқ кезде, әсіресе, ауыл тұрғындарының қалтасына ауыр келіп отыр. Бұл не деген сұмдық", – дейді тұрғын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Литпин