Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде "Қыз Жібек" фильміндегі Жібек киген қамзол сыйға тартылғанын айтты. Бұл видео желіде қызу талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл оқиғаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода Баян Алагөзова жаңа бұйымның өзі үшін айрықша қымбат екенін жасырмай айтады. Оның сөзінше, бұл - жай ғана киім емес, өмірінің аяғына дейін сақтайтын ерекше жәдігер. Продюсер қамзолды "Қыз Жібек" фильмінде Жібек образын сомдаған Меруерт Өтекешеваның киімі деп таныстырып, оны суретші Гүлфайрус Ысмайылованың қолынан шыққан туынды екенін атап өткен.
Желі қолданушылары бұл жайтқа алаңдаушылық білдіріп, тарихи маңызы бар мұраның жеке адамның иелігіне қалай өткеніне күмән келтірді.
Осы мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі пікір берді.
"Қазақфильм" киностудиясы ұлттық фильмдерде пайдаланылған тарихи маңызы бар құнды реквизиттерді, костюмдерді және өзге де бұйымдарды жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, "Қазақфильм" киностудиясының ресми қорында Жібек кейіпкерінің түпнұсқа қамзолдарының бірі сақтаулы тұр. Министрлік оны ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалатын құндылық деп атады.
Ал Баян Алагөзова жариялаған видеода айтылған екінші қамзолдың жеке қолға қалай өткені қазір анықталып жатқаны хабарланды.
Сондай-ақ, министрлік мәдени құндылықтарды қорғау мәселесі ерекше бақылауда екенін айтып, тексеру нәтижесі жөнінде қосымша ақпарат кейінірек берілетінін жеткізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!