Желіде әскерде қысым көргенін айтқан қыздың жазбалары тараған болатын. Қорғаныс министрі тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия осы іске қатысты тексерісті аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші А.Б. Елшібаеваның Қарулы Күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетілгені туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексерісті аяқтаған.
"Қорғаныс министрлігі комиссиясы А.Б. Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайта мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісі нәтижесінде А.Б. Елшібаеваның арызында көрсетілген деректер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады", - делінген хабарламада.
Арнайы комиссия 2022 жылғы 6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы А.Б. Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет деректері болғанын растамаған.
Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ, 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсініктерін талдау бойынша А.Б. Елшібаева айтқан айыптаулар расталмаған.
"Айта кетейік, бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, биыл 3 мамырда аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы Күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылған.
Сонымен қатар, ведомство өкілі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін әскерде қысым көргенін айтқан сарбаз журналистерге эксклюзив сұхбат берген болатын.