Мәдениет және спорт министрлігі Ашық НҚА порталында құжат әзірлеп, жариялады. Онда отандық әртістердің мемлекеттік концерттерде өнер көрсеткені үшін алатын гонорары туралы ақпарат жарияланған еді. Алайда кейін Мәдениет және спорт министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ашық НҚА" порталында қазақстандық әртістердің гонорары туралы қате ақпарат жарияланды. Айта кетейік, әртістер мемлекеттік концерттерге тегін қатысады. Олардың көпшілігі қайырымдылық концерттерге белсенді атсалысады. Мәдениет комитетінің басшылығы мемлекеттік концерттерді өткізуге жұмсалатын шығындарды ұлғайту туралы шешім қабылдаған жоқ," - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Ашық НҚА порталында құжат әзірлеп, жариялағаны туралы ақпарат тарады.
Құжат мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 16 ақпандағы №51 "Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды өткізуді қаржыландыру қағидалары мен қаржыландыру нормативтерін бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер енгізуге бағытталған.
"Ұлттық және мемлекеттік мерекелерге арналған мерекелік іс-шаралар мен салтанатты концерттерді өткізуге қызмет көрсету құнына әртістердің мәртебесі, беделі, орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейі әсер етеді.
Мысалы, форматына қарай осы санатқа Қазақстан Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақстанның Халық әртісі атақтары бар бірнеше әртістерді бір мезгілде қосуға болады. Мысалы: Әлібек Дінішев - 5 миллион теңгеден, Роза Рымбаева - 5 миллион теңгеден, Айман Мұсақожаева - 5 миллион теңгеден, Нұржамал Үсенбаева - 2 миллион теңгеден және тағы басқалар", - делінген бұйрық жобасының негіздемесінде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!