Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген ақпаратқа қатысты жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комитет мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға Комитет пен құқық қорғау органдарының бақылауында. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы зардап шеккен баланың анасымен және халықаралық мектептің басшылығымен байланыста. Баланың отбасына көмек ұсынылды.
"Комитет БАҚ өкілдерінен жариялаған әрбір ақпаратқа барынша жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Себебі, бізге бала туралы деректердің құпиялығын сақтау және оны қоғамда таратпау маңызды. Осылайша қиын жағдайға тап болған бала мен отбасының тыныштығын қамтамасыз ете аламыз", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген мәліметті тексеріп жатқаны хабарланған болатын. Полиция қызметкерлері анасының оқушыға зорлық көрсетілді деген сөзінен кейін қылмыстық іс қозғады.
Бірінші сынып оқушысының жәбір көргені туралы ақпаратты анасы хабарлады. Әйел 7 жастағы балаға не болғанын егжей-тегжей сипаттап, видеоға түсіріп алған.
Алматы полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
"Істің объектив мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда", - деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Қылмыстық істі Бостандық ауданы әкімдігінің полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 121-бабы "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексiнiң 201-бабының талабына сәйкес өзге де мәлiметтер жария етуге жатпайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз