“Министрлердің бетін қызартпай-ақ қояйын“: Зайытов Үкіметке сын айтты

Бүгін бюджет мәселелері талқыланып жатқан Парламент отырысына Олжас Бектенов бастаған министрлер кабинеті келді. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшысы Бектеновке бірнеше сұрақ қойып,  министрлердің жұмысына қатысты сын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Олжас Абайұлы, жалпы министрлер кабинетінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Оның саны 369-ға түсіп, 157-ге әлі ақша жоқ болып отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге ұлғайту керек еді. Бұл да мемлекет басшысының тапсырмасы. Кеше экономика министрінің айтуынша, мұнда да қозғалыстар жоқ. 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95%-ы жөнделуі керек еді. Бұл да іске асуы неғайбыл екенімен келісетін шығарсыздар. Тағысын тағы, жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Осы орайда сұрақ: "Министрлер кабинетінде сөздің бәтуасының болмауының себебі неде?" Және сіздің осының алдын алу үшін алда қандай жоспарыңыз бар?" - деп сауал жолдады Ринат Зайытов.

БЕКТЕНОВТІҢ ЖАУАБЫ

Үкімет басшысы аталған тапсырмалардың уақытында орындалмауы бюджеттегі қаражат тапшылығымен байланыстырды. 

"Үкіметтің жұмысы - мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Бюджетті қараған кезде 32 трлн теңгеге өтінімдер түсті. Бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге. Осы қаражаттың шеңберінде барлық жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Ары қарай экономикамызды дамытып, жоғары өндірілген тауарларды елде өндіруіміз керек", - деп жауап берді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, бүгін Парламентте "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы қаралып жатыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!