Министр утильалымға қатысты мәлімдеме жасады

Министр утильалымға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Midjourney

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде утилизациялық алымға қатысты өзгеріс болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір утилизациялық алымға қатысты ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Мен – Өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым, кәсіпорындарды дамыту және олардың қуатын арттыру", - деді Қанат Шарлапаев Мәжіліс кулуарында.

Министр елімізде көлік өндірісінің дамуына жағдай жасалып жатқанын, сондықтан утильалымды төмендету мәселесі қаралмайтынын атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда 2 көлік зауытын салып жатырмыз. Көлік өндірісі саласында қаншама адам жұмыс істейді. Қазіргі текетірес неге байланысты? KIA көліктерін шығаратын зауытты 2025 жылдың ортасында салуды аяқтаймыз. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіруге жететін тағы бір зауытты салып жатырмыз. Ондағы жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойғамын. Сіз көліктің бағасын басқа елдермен салыстырыңызшы. Түркияда және тағы басқа елдерде көліктің бағасы (Қазақстамен салыстырғарғанда) жоғары немесе тең. Сондықтан Қазақстандағы зауыттардың жұмысын қамтамасыз ету үшін және жаңа жұмыс орындарының сақталуы үшін біз протекционизм жасауымыз керек деп ойлаймын", - деді ол.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі депутат Нартай Сәрсенғалиевтің осы мәселеге қатысты сұрағына жауап бергісі келмеген еді.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz