- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр телефон алаяқтығымен...
Министр телефон алаяқтығымен күресудің тиімді жолын айтты
2022 жылдың қыркүйегінен бастап алаяқтар қоңырау шалатын жалған нөмірлер бұғаттала бастайды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
"Біз қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Бүгінгі таңда алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі- жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады.
Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастыруда. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді", - деп жазды Instagram-да министр.
Сондай-ақ, министрлік интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынып отыр, өйткені алаяқтық фактілер көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта, оның шыныменде банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады екен.
"Кездесу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері интернет алаяқтығы мәселесін шешу тұрғысында өз ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, алаяқтарға және олардың айла-амалдарына қатысты барлық мәліметтер енгізілетін арнайы платформа құру туралы да айтылды. Біз ұсынған бастамалар проблеманы түбегейлі жоймайтынын атап өткім келеді, бұл - мәселені шешудің бір ғана бөлігі", - дейді Мусин.
Сондықтан, министрдің айтуынша, технологиялық тұрғыдан басқа, арнайы жобалар арқылы халықтың қаржы және заң сауатын арттыру бағытында жұмыстар күшейтілуі тиіс.
Министр Интернет алаяқтық мәселесін тиімді шешу бағытында көптеген идея мен тың ұсыныс айтылғанын және енді олардың бәрі іске асырылуы қажет екенін айтты.
А. Құлтай