Министр Сүлейменова мұғалімдер үшін жақсы жаңалық айтты

Министр Сүлейменова мұғалімдер үшін жақсы жаңалық айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарап, бұған дейін бекітілген бұйрықтарды қайта зерделейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрліктің бастамасымен саладағы құқықтық актілерге талдау жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер бар.

Жиында жұмыс тобындағы белсенділер педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидаларын қайта қарау мәселесін көтерді. Бұған дейін министрлікке келген ұсыныстардың дені аттестаттаудан өту кезінде педагогтерден авторлық бағдарламаларды әзірлеу туралы талапты алып тастау болатын.

Бүгінде "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі - республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптама кеңесі мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы педагогтердің авторлық бағдарламаларына республикалық деңгейде сараптама жүргізеді.

2025 жылы республикалық сараптама кеңесі 875 материалды қараған. Оның ішінде 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген.

Министр авторлық бағдарламалардың көбі мазмұны жағынан да, техникалық талаптар жағынан да сәйкес келмейтінін, мұндай құжат талап етілуі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға, формализм күшеюіне алып келгенін алға тартты. Мақұлданған авторлық бағдарламалардың тізімі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.

"Аттестация кезінде педагогтерге қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуы қажет, кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруге тиіс", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламалар әзірлеуді алып тастап, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік беретін, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін баламалы тәсілдер енгізіледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget