Елімізде жарық пен судың бағасы неге жылда өседі? Жылу желілері мен су құбырларын жаңарту үшін қандай жобалар іске асып жатыр? Massaget.kz тілшісі жауапты мамандардан сұрап білді.
Қазақстанда бүкілі 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Сол желілердің 51 пайызы тозған. Олар Павлодар облысында 68 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 64 пайызға, Қарағанды облысында 62 пайызға және Ұлытау облысында 62 пайызға тозған.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев электр энергиясы бағасының неге өсіп жатқанын түсіндірді.
"2021 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында электр желілерінің үштен екі бөлігі тозғанын айтқан еді. Мұның ішінде жалпы коммуналдық желілердің де тозығы жеткен. Сондықтан үкімет электр желілердің тозу деңгейін 2030 жылға дейін 15 пайызға төмендету туралы тапсырманы жүзеге асырып жатыр. Желілерді жаңарту үшін инвестиция көзін тарту қажет. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының аясында жаңа тариф саясаты жүргізіліп жатыр. Онда бірнеше жоба іске асып жатыр және жылда желілер жаңартылып жатыр. Жұмыстар одан әрі кеңейтіле бермек, сондықтан жылда тариф өседі. Бірақ негізсіз өспейді, тек жылда жоспарлы түрде көтеріліп отырады. Ешкім жаппай электр желілеріне күрделі жұмыс жасағалы отырған жоқ", - деді Болатбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, электр энергетика саласын үшке бөліп қарастыруға болады. Олар - өндіру, тасымалдау және жабдықтау.
Бұның ішінде тарифтің бағасына әсер етіп отырған саласы - өндіру. Қазіргі электр станциялардың қуаттылығы және тозу деңгейі деген мәселе тағы бар. Бүгінгі таңда оларға да модернизация жасауға жоспар бекітіліп жатыр. Өз кезегінде бұл сала Энергетика министрлігіне қарасты жоба болғандықтан тарифтің өсуіне бірден-бір себеп сол деп айта аламыз, - дейді ол.
Эконмист Бауыржан Ысқақов тарифті өсіру коммуналдық қызметті жаңартудың бірден бір жолы екенін айтады.
"Электр энергетика саласына мемлекет көп қаржы құяды. Оның үстіне бұл салаға инвесторлар аз келеді. Сондықтан үкімет инвестиция арқылы шешуден гөрі тариф арқылы қаржыландыруды қолданып отыр. Нақты инвестор келмегендіктен тарифтердің бағасы жылда көтеріліп жатыр. Сол арқылы электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда тек қарапайым азаматтар емес, белгілі кәсіпкерлер мен ірі компания иелері де тарифке қаржы бөліп, желілердің жаңартылуына үлес қосуға тиіс. Онымен қоса, биыл Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10 пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20 пайыз аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10 пайыздан төмендетуге құқылы", - деді экономист.
Сарапшы біржағынан ысырапшылдықты осындай әдістермен реттеуге болады дейді.
"Қазақстан жарық пен суды көп қолданатын мемлекеттер қатарына кіреді. Әлем су мен электр энергиясын үнемдеуге көшіп жатыр және оларды үнемдейтін тетіктері қарастырылған. Сондықтан Ұлттық экономика министрінің сөзінің жаны бар деп ойлаймын", - деді Бауыржан Ысқақов.
Еске салайық, осы аптада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналдық тарифтердің бағасы қымбаттайтын айтты. Ол электр энергиясы бойынша орташа өсім – 20-30 пайыз болатынын атап өтті.
Ведомство басшысының сөзінше, ел халқы суды тиімсіз пайдаланады.
"Былтыр мен Батыс Қазақстан облысында болдым. Онда судың бір текше метрі – 44 теңге. Әрине, осыдан кейін су тиімсіз пайдаланылады. Мысалы, сіз моншаға барсаңыз, онда судың текке ағып жатқанын көресіз. Оны өшіру керек. Өкінішке қарай, үнемдеу жоқ. Су – өте маңызды ресурс. Сондықтан оны үнемдеуіміз керек. Тариф өседі. Бүгінде суға 200-500 теңге төлейміз. Сондықтан мұнда (су тарифін) айтарлықтай көтеруге болады. Олай істемесек, үнемдеу болмайды. Биыл тариф (бағасы) өседі", - деді Әлібек Қуантыров үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Жасұлан Ордабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!