Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жалған диплом сатып алғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр елімізде жалған диплом сатып алу дерегі барын растады.
"Өкінішке қарай, мұндай фактілер жиіледі. Депутаттар (заңсыздықты анықтау үшін – автор) осындай дипломдарды сатып алуға әрекет жасап жатыр. Мұндай құжаттарды сатып алғандарға ескерту жасағым келеді. Қылмыстық кодексте бұған жеке бап қарастырылған – жалған құжаттарды қасақана пайдалануға қатысты. Егер адам оны сатып алса, оның жалған екенін білсе, жұмысқа орналасуға және ресми құжат ретінде ұсынуға тырысса, оған жеке жаза бар: 40 тәулікке қамауға алу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту", - деді Саясат Нұрбек Мәжілістің отырысынан соң.
Оның айтуынша, бүгінде ведомство мұндай заңсыздықтарға қарсы күресу үшін Ішкі істер министрлігі және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тиісті жоспарды бекіткен.
"Жарнама жарияланатын түрлі платформаларда жалған құжаттардың сатылымын анықтау үшін рейд жүріп жатыр. Заң бұзғандарды жазалау керек", - деді министр.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек жалған дипломдарды анықтау үшін арнайы база құрылғанын атап өтті.
"Арнайы платформаға 1991 жылдан бастап берілген барлық дипломды енгізіп жатырмыз. Бұл жұмыс 2018 жылдан басталған. Осы уақыт аралығында 3,5 млн диплом базаға енгізілді. Енді кез келген жұмыс беруші арнайы цифрлық қызмет арқылы дипломды тексере алады. Әр дипломның жеке нөмірі мен QR-коды бекітіледі. Нәтижесінде жалған дипломды анықтай аламыз", - деді ол.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!