- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр пандемия кезіндегі...
Министр пандемия кезіндегі журналистердің жұмысын жоғары бағалады
Нұр-Сұлтанда өткен Орталық коммуникациялар қызметі баспасөз мәслихатында Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистерге алғысын жеткізді.
Министрдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құрал өкілдері пандемия басталған сәттен кәсібилік танытып, ел арасында жалған ақпараттың таралмауына әсер етті.
"Шынында кәсібилігін танытқан журналистерге алғыс айтудан шаршамаймын. Олар өз өмірін қауіпке тігіп, ел басына күн туған сәтте ақпарат майданында күресті. Елде төтенше жағдай жарияланған сәтте мемлекеттің қабылдаған шараларын дер кезінде елге жеткізіп, қоғамда дүрбелең тумауына атсалысты.
Сондай-ақ, пандемия алғаш басталған сәтте көп адам коронавирустың барына сенбеді. Осы кезеңде журналистер төтенше жағдай уақытында адамдарды үйде отыруға, сақтық шараларын орындауға қатысты ақпарат таратты. Осылайша журналистер кәсібилігін көрсетті. Журналистерге алғыс айта отырып, бәрінің денсаулығы мықты болуын тілеймін. Себебі вирус кеткен жоқ. Журналистер әлі күнге дейін бастарын бәйгеге тігіп, жұмыс істеп жүр", - деп атап өтті Аида Балаева.
Елімізде коронавирус жұқтырған алғашқы адам анықталған сәттен бастап мемлекет пен БАҚ жұмыла жұмыс істеді. Күнделікті жылдам ақпарат беру үшін баспасөз жиындары өтіп, ел арасында фейк ақпарат тарамауы үшін барлық жұмыс жасалды. Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен елдегі ахуал жайлы құзырлы органдардың хабарлауы дәстүрлі шараға айналды.
Мемлекетте коронавирустың алдын алу үшін жасалынған кез келген шараларды журналистер жылдам арада жариялап, ел мен үкімет арасында тығыз байланыс орнатты. Тіпті, елде барлық сала дерлік уақытша қызметін тоқтатқан сәтте БАҚ өкілдері кәсібилік танытып, жұмысын жалғастырды.
"Журналистердің еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында біздің ел фейк жаңалықтары ең аз мемлекет ретінде рейтингтің бас жағынан көрінді. Фейктер жалпы қоғамда дүрбелең туғыза аларлық күш. Өз тарапымыздан "Стоп-фейк" атты ресурс жасадық. Бүгінгі таңда ол өте тиімді жұмыс жүргізуде. 100-ге тарта фейк жаңалықтар анықталды. Ең бастысы ол жаңалықтарға қатысты жауапты мемлекеттік органдар жедел жауап беріп отыр", - дейді министр.
Ақпарат жылдамдығының дамыған заманында кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам тарап кете алады. Оның дұрыс-бұрыстығы анықталмай жатып, көпшілікке жария болып жататын орта – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Оның анық-қанығын тексеру әрқашан маңызды. Жалған ақпаратқа жол бермеу мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі www.stopfake.kz жаңа интернет-ресурсын іске қосты. Бұл сайт фактілерді мұқият тексеріп, ақпараттардың шын-жалғанын анықтап, нәтижесінде олардың фейк, манипуляция, арандату және т.б. екендігін жариялайды.