- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Олимпиада қорытындысы...
Министр Олимпиада қорытындысы туралы отырысқа БАҚ өкілдерін іріктеп шақырды
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өткізген Париж Олимпиадасының қорытындысына қатысты алқа отырысына мемлекеттік емес БАҚ өкілдері қатыса алмады. Өйткені олар шараға алдын ала шақырту алмаған. Сөйтіп маңызды жиынға тек мемлекеттік 5 телеарна мен 5 ақпараттық порталдың өкілдері қатысты. Министрлік таратқан ресми хабарламада мұндай шешімнің себебі жазылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті әріптестер! Туризм және спорт министрлігінің алқа отырысына қызығушылық танытқандарыңызға алғыс айтамыз! Бүгінгі жиынға мемлекеттік 5 телеарна мен 5 ақпараттық порталдың өкілдері келді. Алқа барысында біз ресми ресурстарымызда жазбаша трансляция жасап, ақпарат тараттық. Жаңалықтарды әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан қарай аласыздар. Алқа отырысының толық нұсқасын ютуб арнамызға, релиз және фотосуреттерді сайтымызға жүктедік", - делінген министрліктің ресми жауабында.
Тілшілер ортақ чаттарында аталған жағдайға байланысты министрлік тарапына сын-пікірлер жазды.
"Біздің сұрағымызға баспасөз қызметінің өкілдері жауап бермесе, сауалды министрдің өзінен сұраймыз. Маржықпаевтың тілшілерден қашып жүргеніне біраз уақыт болды", - деп жазды журналистер.
Ермек Маржықпаев министр болған аз уақыт аралығында баспасөз хатшысын үш рет ауыстырды. Ол бұл қызметке 2023 жылғы 2 қыркүйекте тағайындалды.
Айта кетейік, Президент кеше спорттық функционерлердің жұмысын қатал сынаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев олар Қазақстанда миллиардтаған бюджетті игерумен ғана айналысып жүргенін айтты. Оның пайымдауынша, спорт саласының менеджерлерінің әрекеті нәтижеге емес, сол қаржыны жұмсауға бағытталған. Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы соңғы бес жылда жоғары спортқа жұмсалған шығындар екі есе өскенін, бірақ жеткілікті нәтиже бермегенін атап өтті. Спорт саласында үнемі жемқорлық фактілері анықталатыны да оны қынжылтады.
Еске салайық, Париж Олимпиадасына барған Қазақстан делегациясына бюджеттен 900 миллион теңге жұмсалды.
Қазақстан құрамасы Олимпиадада жеті медаль: бір алтын, үш күміс және үш қола жеңіп, командалық есепте 43-орынға ие болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz