Танымал журналист Дина Төлепбергеннің айтуынша, грантқа түсе алмай қалған түлектер министрлікті сотқа бермек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тележүргізуші, журналист Дина Төлепберген бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, пікір білдірді.
"Грантқа түсе алмай қалған түлектер министрлікті сотқа бермек. Әрбір төгілген көз жасқа жауап берсін, Саясат Нұрбек", - деп жазды журналист желіде.
"120 баллмен оқуға түсе алмаған жандардың жанайқайын жеткізгім келіп тұр. Оқуға ұмтылғандардың көз жасын көргенде әділетсіздікті анық байқайсың", - деген журналист сандарды сөйлетті.
Статистикаға салсақ, биылғы түлектерге алдыңғы жылға қарағанда 6 мың грант артық бөлінген екен. Алайда оның 35 пайызы ауылдық квота, 20 пайызы су тасқыны болған аймақтарға бөлінген.
"Мәселенің түбірі осыда. Мен әрине, Батысқа бөлінген мүмкіндікті қолдаймын. Үміті сөнген оқушыларды Оралға барғанда өз көзіммен көрген едім. Бірақ, басқалардың болашағына балта шабу дұрыс па? Зардап шеккендерге жомарттықты тірнектеп оқығандардың көз жасымен өтеу қаншалықты әділетті? Бұл сұрақтарға министр міз бақпай отыр. "Түлектер таңдаудан өздері қателескен, яки грант аз бөлінген мамандыққа барған" дейді. Жоқ, меніңше топан судан зардап шеккен аймақтарға ортақ гранттан емес, бөлек беруі тиіс. Білім іздеген болашағымыздың бұлай сағын сындырмайық", - деп үндеу жасады Дина Төлепберген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!