Қазақстанда мектеп оқулықтары мен оқу бағдарламасының мазмұны жаңартылады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеуніктің айтуынша, биыл жоспар бойынша 2, 3, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. Сонымен қатар, білім мазмұны да қайта қаралып жатыр.
"Қазір бізде жаңа Конституцияның жаңа нормалары мен құндылықтарына сәйкес білім мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр қазір мемлекеттік стандарт қайта қаралып жатқанын да нақтылады. Мәселен "Қазақстан географиясы" пәніне 2 сағат қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект енгізіледі.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін ЖИ цифрлық сауатқа интеграцияланады. Бұрын бастауыш сыныптарда тек цифрлық сауат болса, енді оған жаңа тақырыптар қосылады, барлығы 12 сағат болады.
5-тен 9-сыныпқа дейін цифрлық сауат пен информатика пәндері де жаңартылады. Бұл пәндерге жаңа тақырыптар, бақылау жұмыстарына жаңа тәсілдер енгізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылатыны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова