- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Каспийдегі итбалықтардың...
Министр Каспийдегі итбалықтардың қырылуына себеп болуы мүмкін жайтты атады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий итбалықтарының қырылуына себеп болуы мүмкін жайтты атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"7 қарашада итбалықтар өлексесі анықталды. Олардың саны 141-ге жетті. Дереу шара қолданылды, барлық мемлекеттік органнан комиссия құрылды. Жасын анықтау үшін сараптама жасалды", - деді Брекешев Мәжілісте.
Оның айтуынша, нәтижесі бір ай ішінде дайын болады.
"Ықтимал себептердің бірі күкіртсутегінің бөлінуі болуы мүмкін. Итбалықтар оттегін жинап, дем алып, су астына қайта жүзу үшін жоғары қарай жүзеді. Итбалықтардың өліміне қандай да бір газ бөлінуі әсер еткен болуы мүмкін", - деді министр.
Экология министрінің айтуынша, Каспий теңізінде 300 мыңнан аса итбалық бар.
"Біз қорықты қалыптастыру, сондай-ақ, Каспий теңізі және биоәртүрлілік мәселелері жөніндегі мемлекеттік институтты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді Серікқали Брекешев.
Айта кетейік, 8 қарашада Каспий теңізі жағалауында 100-ден аса итбалықтың өлексесі табылған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова