- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр жаппай уланған...
Министр жаппай уланған оқушылардың жағдайы туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлназарованың сөзінше, қазіргі уақытта 462 оқушы медициналық көмекке жүгінген.
"Оның 92-сі ауруханаға жатқызылып, 17-сі үйіне жіберілді. Реанимацияда жатқан екі баланың жағдайы реттелді. Сонымен қатар 387 оқушы амбулаторлық деңгейде ем алып жатыр. Оқиға орнында денсаулық сақтау вице-министрі бар", - дейді Ақмарал Әлназарова.
Еске салайық, Маңғыстауда астан уланған оқушылар мектеп асханасында ашыған тамақ жегендерін айтқан болатын.
Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылының тұрғыны Светлана Масатаеваның екі бірдей қызы мектепте астан уланған. Жұма күні кеште бірінің, түнде екіншісінің іші ауырып, құсып, дене қызуы көтерілген. Оқушылардың жаппай улану дерегі Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 460 бала ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 83 оқушы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қалғандары үй жағдайында емделіп жатыр.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен келген. Яғни іш ауруы, құсу, жүрек айну және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр.
Осы жағдайдан кейін аталған мектептің асханасы жабылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Бірақ оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.
Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтің айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биыл да байқауда сол жеке кәсіпкер ұтып, онымен 3 жылға келісімшарт жасалған. Оқушылар уланған күні асханада бастауыш сыныптардағы 806 бала тамақтаныпты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен