• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

“Министр ханым, онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмайық“ - депутат Аралбайұлы

Фото: Видео кадры

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы ретке келтіргенше МӘМС-ті тоқтата тұруды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Аралбайұлының мәлімдемесі

Үкімет сағатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты мәселелер айтылды. Депутат "МӘМС-ті енгізу арқылы халықты сынақ алаңына салып жібердік" деген пікірде.

"МӘМС-тің жұмыс істей бастағанына алты жыл болды. Марқұм азаматтарды да тіркеп жіберді. "Үш-төрт айлық балалардың тісін емдеттік" деп те қор ақша алып жатқанын көріп отырмыз. Былтыр Президент Үкімет сағатында тапсырма берген медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. ...Былай қарағанда МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, бұрынғы жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ, қазіргі жүйе де жұмыс істемейді.

"Халық қайда барып ем аларын білмейді. Сондықтан менде мынандай ұсыныс: министр ханым, онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмай, мүмкіндік болса, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше МӘМС жүйесін неге тоқтата тұрмасқа?! Өйткені біздің елімізде 20 млн адам бар, оның 3,5 млн адамы тіркелмеген. 16 млннан аса адам қалады. Оның ішінде 14 млн адамның медициналық шығынын мемлекет көтереді. Сақтандыру төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады.  Оны басқаша бір емдеудің жолын табармыз. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек", - деді ол.

Министр Әлназарованың жауабы

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

"МӘМС жүйесінің жеткен жетістіктері де аз емес. Жаңадан жасалған жүйе болған соң кемшіліктері де болып жатыр. Сіздермен бірлесе отырып, бұл кемшіліктерді жоямыз деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды бастап кетті. Сондықтан жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін", - деді шенеунік. 

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "МӘМС жүйесі түбі тесік қайыққа айналды" деп сынады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова