- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Ғани Бейсембаев...
Министр Ғани Бейсембаев мектепте намаз оқитындарға ескерту жасады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп намаз оқитын жер емес екенін, онда тек білім алу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оқушылардың мектепте намаз оқыған видеосы жариялағанын еді. Министр оқиға қайда және қандай мектеп болғаны анықталып жатқанын жеткізді.
"Қазір біз жағдайды анықтап жатырмыз. Оқиғаның қай мектепте, қай өңірде болғаны әлі белгісіз. Толық мән-жай анықталғасын белгілі бір шаралар қабылданады. Біз оқиғаның қайда болғанын анықтап алу керек деп ойлаймын. Ол мектепте болды ма, болмады ма?", - деді Ғани Бейсембаев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Журналист "Жалпы мектептерде намазхана болуы керек пе?" деп сұрағын нақтылады.
"Ең алдымен мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы. Сондықтан мектепте міндетті түрде ұстаздарымыз балаларымызға білім беруі керек. Бұл туралы біз үнемі айтып жүрміз. Бұл ұстанымнан біз тайған емеспіз. Сондықтан мұнда басқа мәселені көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жалпы мектеп – сапалы білім мен тәрбиені үйретуге арналған орын. Сондықтан бұл мүлдем мүмкін емес", - деді министр.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz