Қоғам белсендісі, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев "Bilgen durys" youtube-арнасына берген сұхбатында елімізде шегірткеден болған шығынды ешкім есептеп жатпағанын және оны ешкім өтемейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Министр аузынан шегірткенің шығынын өтейміз деген сөз шыққан жоқ. Вице-премьер министр "шегірткені сатамыз, шегіртке ақуызға бай, шегіртке халал, шегірткені экспорттаймыз, шегірткені жеуге болады" деген сөздер ғана шықты. Бірақ "осы шегіртке отап өткен қазақтың шығынын өтеп береміз" деген аузынан шыққан жоқ. Мен мелкеттік инспекциясының басшысының орынбасарымен сөйлестім. Ол "шегірткеден ешқандай шығын болған жоқ" дейді. Олар ешқандай проблеманы көріп тұрған жоқ. Ал мен өз көзіммен көріп келдім. Самат деген азамат бүкіл дүние-мүлкін, әке-шешесінің мүліктерін, әйелінің шешесінің бүкіл алтынын, үйіндегі бар дүниесінің бәрін ломбардқа салып, содан ақша шығарып, сонымен екті. Соның 50-55 пайыз жерін шегіртке отап кетті. Сол сияқты бір ақсақалды көрдім. Ол 60 гектар мақта еккен, оны шегіртке түгел отап кетті. Ол кісі енді сол жерді қайтадан жыртып, қайтадан қарызға кіріп, қайтадан егіп жатыр. Тағы 90 гектар жоңышқасы бар кісіні көрдім. Онда да барлығын шегіртке жеп кеткен", - дейді сарапшы.
Сондай-ақ Алмасбек Садырбаев шегірткеге қарсы күрес неге алдын ала жасалмағанын айтты.
"Бұл біріншіден, Айдарбек Сапаровтың шегірткеге байланысты жіберген қатесі. Келгеніне 9 ай болды. 9 айда біраз нәрсе жасап үлгеруге болады. 9 ай бойы ол кісі шегірткемен күресетін және т.б істермен айналысатын мемлекеттік инспекцияның басшысын тағайындаған жоқ. Ол ел шулай бастағанда ғана оянды. Инспекцияның басшысын бекіткеніне екі-ақ апта болды. Басшысы жоқ мекеме жұмысты дұрыс атқара ма? Солайша инспекция жайылып кеткен. Көктемгі шегірткемен күрес дұрыс жүргізілмеген, мемлекеттік сатып-алулар және басқа нәрселер дұрыс ұйымдастырылмаған.
Сол секілді Айдарбек Сапаровтың "ветеринарлық комитет" деген комитеті бар. Ветеринарлық комитет басшысыз тұрғанына жылдан асты. Айдарбек Сапаров 9 ай министр болып отыр. Сол инспекцияның немесе комитеттің ішінде жақсы мамандар жоқ дейсіз ба? Бар. Логикаға сүйенсек, ол өзінің адамдарын сүйреп жүр.
Ешкім ешқандай шығынды есептеп жатқан жоқ. Олар елдің көз жасын, ештеңені көріп жатқан жоқ. Енді қазіргі барлығының жұмысы - бөлінген 8,5 миллиард теңгені қалай игеру", - дейді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!