- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Дархан Қыдырәлі...
Министр Дархан Қыдырәлі төлқұжатта ұлтқа қатысты өзгеріс енгізілуі туралы ойын айтты
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі төлқұжатта ұлтқа қатысты өзгеріс енгізу ұсыныстары туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Билік ұлт құру деген жаңа бағдарламаны ойлап тапты. Енді қазақстандық емес - қазақ деп аталады. Сонымен қатар, төлқұжаттан ұлты деген графаны алып тастап, оның орнына Қазақстан Республикасының азаматы деп жазбақпыз. 2010 жылы осындай тәсілді көрдік, доктрина қабылданды. Сол кезде ұлт белсенділері қазақты қазақстандық деп атап жіберуден аман алып қалды. Осы жоба да соның кебін киіп, құрдымға кетіп жүрмей ме?", - деп сұрады журналист сұхбат барысында.
Минстр бұл жерде бірнеше мәселе туындайтынын айтты.
"Біріншіден, төлқұжат мәселе қайдан шыққанын білмеймін. Таяуда өткен Қазақстан халқы ассамблеясында Мемлекет басшысы осы мәселені көтергенде бірегейлік туралы айта отырып еліміздегі барлық этнос қазақ тілін меңгеруі тиіс, бізді шет елдерде қазақ деп айтады, спортшыларымызды, елдің мақтаныштарын қазақ деп айтады. Сондықтан біз бір ұлтпыз деген мәселе көтерді және мұның ғылыми тұрғыда зерделенуі қажет екенін айтты. Меніңше, бұл өте маңызды мәселе", - дейді министр.
Дархан Қыдырәлі расында 2009 жылы қазақстандық ұлт деген мәселе көтерілгенін айтады.
"Бұл жерде қазақстандық емес, қазақ ұлты деген мәселе көтеріліп отыр. Төлқұжатта кім қалай жазады ол, әрине, әркімнің өз еркінде. Екіншіден, президент маңызды мәселені айтты. Бізді біріктіретін негізгі компонент - ортақ отанымыз, біздің туымыз, біздің паспортымыз. Шын мәнінде Қазақстанның көк паспорты тұрақтылықтың символына келешекке деген кепілдіктің символына айналып отыр. Төңіректегі геосаяси жағдайда Қазақстан паспортын алуға деген ұмтылыстың артып отырғанын көріп отырмыз. Паспорты ортақ, отаны ортақ, мәдениеті, құндылығы ортақ этностардың жиынтығын әрине ұлт деп атаймыз. Бұл ұлттың атауы. Қазақстандағы азаматтар да осы ұлттың құрамдас бөлшегі", - дейді Дархан Қыдырәлі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина