Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүкіл әлемнің туын жатқа білетін 6 жастағы Ерген Дүйсенбекке галстугін сыйлап, өз орнын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр бүкіл әлемнің туын жатқа білетін бүлдіршін Ергенді арнайы қабылдап, батасын берген.
"Ертең білім жүйесін басқаратын жігіт болсын", - дейді министр.
Ғани Бейсембаев бүлдіршінге галстугін тағып, сыйға берді.
"Мен енді галстуксіз қалдым", - деп әзілдеді министр.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу кеше, 18 қаңтарда өткен. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, білімділігін көрсеткен. Сондай-ақ, ол осы елдердің бәріне баруды армандайтынын айтқан.
"Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі - біздің елдің туы. Мен есейгенде атақты адам болып, Көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді", - деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек кездесуде.
Ергеннің анасының айтуынша, баланың туларға деген қызығушылығы 2-3 жасында пайда болған. Дәл осы сәттен бастап Ерген әлем елдерінің туларын жинай бастаған. Енді балақай елтаңбаларға қызығушылық танытып, туған күніне ата-анасынан оған Қазақстанның Елтаңбасын сыйлауды өтінген.
Айта кетейік, алты жасар Ерген Дүйсенбек 180 елдің туын жатқа біледі. "Астана" телеарнасының мәліметінше, есте сақтау қабілеті ерекше балдырған Астана қаласында тұрады. Анасының айтуынша, әр мемлекеттің туын танып, атын атау - оның сүйікті ісі.
Ес білгеннен қызығып, суреттерін жинай бастаған. Ергенде 200-ге жуық тудың суреті бар. Үйдің ішіне еліміздің Көк байрағын іліп қойған. Ерген мемлекеттер туларын ешкімнің көмегінсіз, өзі жаттаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!