ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев белгісіз біреулер оның атынан министр қарамағындағыларға қоңырау шалып, ақшаға қызмет бабын жоғарылатуды ұсынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Кешеден бері кейбір әріптестеріме "менің атымнан" бейтаныс адам хабарласып, басшылық қызметке тағайындау бойынша ұсыныс жасаған. Ұсыныстан бас тартқан жағдайда және белгілі бір сома бермесе, істеп жүрген жұмысынан шығарылатынын айтқан. Сонымен қатар, алаяқтар басшылық лауазымға тағайындау үрдісі ұзақ уақыт талап ететінін ескертіп, жедел жауап беруді сұраған", - делінген Telegram-каналында.
Қайырбек Өскенбаев әріптестерін бос арандатушылыққа бой алдырмай, сақ болуға шақырды.
"Басшылық лауазымдарға тағайындау қоңырау шалу арқылы емес, алдымен конкурстық іріктеу негізінде, одан кейін тиісті уәкілет органдармен келісу бойынша жүзеге асырылатынын ерекше атап өткім келеді", - деді ол.