- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Министр Әлназарова жедел...
Министр Әлназарова жедел жәрдем қызметіне қатысты өзгерісті түсіндірді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем жұмысы қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Facebook-парақшасында жазды. Министр жобада тұрғындарға тәулік бойы көрсетілетін жедел жәрдем қызметін шектеу туралы норма жоғын айтты.
"Халық үшін жедел жәрдем 24/7 режимінде 103 нөмірі бойынша қолжетімді болып қала беретінін айта кеткен жөн. Өзгерістер шақыртуларға қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын арттыру мақсатында емханалардың қасынан құрылатын бригадаларға қатысты. Мобильдік бригадалардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, балаларға медициналық көмек қажет болған жағдайда, педиатр, ал ересек тұрғындарға – бейінді мамандар (кардиолог, невропатолог және т.б.) барады", – делінген жазбада.
Министрдің айтуынша, бұған дейін бір бригада 35 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа қағида бойынша 25 мың адамды қамтылады.
"Мобильдік бригаданың жұмысы емхана ұйымдарының жұмыс уақытымен үйлестірілетін болады. Сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері-шақыртуларға қызмет көрсетуді жедел жәрдем бригадалары жүргізеді. Бұл норма жедел жәрдем қызметін ұзақ күтудің төмендеуіне ықпал етеді және тұрғындарға 103 нөмірі бойынша жедел жәрдемді шақырту үшін ешқандай кедергі жоқ", – дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін елімізде жедел жәрдем қызметі 4-санаттағы шақыртуларға тәулік бойы қызмет көрсетуді тоқтатуы ықтимал екені белгілі болған еді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек