Министр Fokker 100 апатына себеп болуы мүмкін үш жағдайды атады

Министр Fokker 100 апатына себеп болуы мүмкін үш жағдайды атады
Фото: planespotters.net/DamirKagarmanov

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағының апатына себеп болуы мүмкін үш жағдайды атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазіргі ІІМ Алматыда болған әуе апатына қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Апаттың үш себебі қарастырылып жатыр. Біріншісі – экипаж қатесі, екінші – борттың техникалық ақауы, үшінші – навигация қызметінің жұмысы", - деді ІІМ басшысы.

"Қазір оқиға орнында тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Лайнер енді әуежай жаққа жеткізіліп, онда ұшақты тағы да толық қараймыз", - деді Тұрғынбаев.

Еске салайық, 27 желтоқсан күні таңғы жетіде Алматы түбінде ұшақ апаты болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан кейін Bek Air әуе компаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттары тоқтатылып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air компаниясының ұшуына тыйым салды. Bek Air әуе компаниясы жолаушы билеттерінің құнын 100 процент қайтарады. Жолаушылар басқа әуе компанияларының рейстеріне орын тапса (31 желтоқсанға дейін), билет құнындағы айырмашылықты түгел өтеп беруді мойындарына алды.

Massaget