ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Telegram-арнасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың неге 42500 теңге ала алмай жатқанын жазды.
Вице-министрдің айтуынша, азаматтар құжат толтыруда, өтініш беруде қарапайым қателік жіберуде.
- Азаматтардың кешелі-бүгін әлеуметтік жәрдемақыны ала алмағаны жайлы шағымы көбейіп кетті. Көбісі бірыңғай жиынтық төлемді кешіктіріп төлегендер, яғни, бірінші өтінішті толтырып алып, кейін төлем төлегендер. Мұндай жағдайда жүйе БЖТ-ға төленген соманы көрмей қалады. Немесе кейбір банктер төленген БЖТ-ны кешіктіріп қорға түсіреді. 2-3 күн кешіктіруі мүмкін, - деп түсіндірді Нариман Мұқышев.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, БЖТ төлеген азаматтардың өтінішті тағы да беруіне мүмкіндік бар.
- Ол үшін 42500.enbek.kz сайтына еніп, дәл қазір қайта өтініш беріңіз, - деді вице-министр.