Шымкенттегі Тұран-2 шағынауданында "7-20-25" бағдарламасымен жеңілдетілген несиемен берілген көпқабатты тұрғын үйлердің шатырынан суы ағып, оннан аса пәтерді су алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абзал Әлібеков - қалалық оқушылар сарайының қызметкері. Бюджет қызметкері ретінде 5 жыл тұрғын үй кезегінде тұрған. Мамырда алғашқы жарнасын төлеп, "7-20-25" бағдарламасымен жеңілдетілген несиемен тоғыз қабатты үйдің тоғызыншы қабатынан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Қазір айына 100 мың теңге несие төлеп отырған осы пәтеріне түнде жауған нөсер суы өткен.
Салдарынан жарық сөнген, жиһаздары бүлінген.
"Күн түстен ауды. Құрылыс компаниясына, қалалық құрылыс басқармасына, қала әкімдігіне хабарластық. Құрылыс компаниясы "қала әкімдігі тексеріп қабылдап алған" дейді. Қала әкімдігінен ешкім жауап бермейді. Қайда барып, кімге шағымданатынымызды білмей отырмыз. Ай сайын жүз мыңдап төлеген ипотекалық үйіміз жаңбыр суына төтеп бере алмай тұр. Миллиондарға сатып алған үйіміздің сыйқы осы", - дейді ол.
Абзал мен оның көршілері түнімен аққан суды тазалаумен әуре болған. Олар №22 үйдің су алған пәтерлерін видеоға түсірген. Онда жауын суы терезеден, төбеден сорғалап аққанын, қабырғадан өткенін байқауға болады.
"Үйге көктемде кірдік. Бұл - қоныс тойдан кейінгі бірінші жаңбыр. Соның өзінде төбемізден сорғалап су ағып тұр. Үйдің жан-жағында суағар жоқ. Жиналған су үйдің жертөлесіне құйылды. Шатырдан аққан су жоғарғы үш қабаттағы пәтерлерді алды. Бәріміз түнімен сол сумен әуре болдық", - дейді тұрғындардың бірі Гауһар.
Бүгін №22 тұрғын үйдің тұрғындары үй ауласына жиналып, қала әкімдігінен өздері қабылдап алған, үй кезегінде тұрған тұрғындарға жеңілдетілген несиемен берілген үйдің құрылысына жауап беруді талап етті. Бірақ олардың алдына ешкім келмеді.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасы өкілі Тұран-2 шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырынан су аққанын растап, жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!