Ақтөбеде алдына ем іздеп келген 100-ге жуық адамды алдаған емшіге қатысты сот басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Іс материалдары бойынша ол науқастарға миллиондап несие алдырған. Телеарна мәліметінше, алданғандар қалай басы айналып қалғанын білмейді.
Емшіге қатысты алғашқы сот процесіне келушілер көп болған. 95 адам жәбірленуші деп танылған. Оның ішінде емшінің ет жақын туыстары да, сыныптастары мен ауылдастары да бар.
"Дем саламын" деп бәрінің басын айналдырған. Жәбірленушілер "гипнозда жүргендей күй кештік, несиені қалай алып, қолма-қол қалай санап бергенімізді білмей қалдық" деп отыр", - деп жазылған мәліметте.
Халық емшісі келтірген жалпы шығын көлемі 406 миллион теңгеден асады.
"Ем алуға келгендерге әртүрлі банктен несие алып беруін өтініп, алып берген ақшаны екі ай ішінде толық жауып бере алатын мүмкіндігі бар екенін айтып, сеніміне кірген. Мұның заңмен қудаланатын іс-әрекет екенін біле тұра алдау, яғни сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікті иемдену арқылы, алаяқтық жасау арқылы ауыр дәрежелі қылмыс жасаған", - деді мемлекеттік айыптаушы Гүлназым Әлиева.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 100 шақты адам емшіге алданғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова