Қаржы пирамидасын ұйымдастырушысы БҚО тұрғындарына 770 миллион теңгеге жуық шығын келтірілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша "Chia Tai Pharmaceutical" компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді ҚМА БҚО бойынша департаменті жүргізіп жатыр.
Бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берді. Сонымен қатар, "Chia Tai Pharmaceutical" жеке тұлғалардан ақшаны алып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген.
Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 миллион теңгеден асады.
Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Qnet қаржы пирамидасын Қызылорда облысы аумағында құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген ер адамға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.
Ол 2020-2021 жылдар аралығында қаржы пирамидасын құрып, оның қызметіне 38 тұлғаны қатыстырған (зардап шеккендер), келтірілген залал көлемі - 46 миллион теңге. Соттың санкциясына сәйкес, ол "күзетпен ұстау" түріндегі шарамен 2 ай мерзімге қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ал 2022 жылы қазақстандықтар 8,11 миллиард теңгесін қаржы пирамидасына салып жіберген. Қазақстанда қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істер саны азайып жатыр. 2020-2021 жылдардағы мәліметтермен салыстырғанға, полицияға қаржы пирамидасына алданғаны туралы арыздар аз түсетін болған.
Дегенмен қаржы пирамидасынан келген шығын әлі азаймай тұр. Пандемияның алғашқы жылында қаржы пирамидаларының ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істер саны 7 есе өскен: 24-тен 80 қылмысқа дейін қозғалған. 2020 жылы қаржы пирамидаларынан келген шығын көлемі 1,59 миллиардтан 6,17 миллардқа жеткен. 2022 жылғы шығын туралы айтар болсақ: Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректері бойынша, былтыр қаңтар-қараша аралығында 8,11 миллиард теңге шығын болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!