Ақмола облысында ArtSport мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында заңбұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көкшетау қаласының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде балалардың сабаққа қатысуын есепке алу кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жария оферта талаптары бұзылғаны анықталған.
Жеке кәсіпкер 2023 жылғы мамырдан 2024 жылғы қыркүйекке дейін алты бала сабақтарға қатысты деп жалған мәлімет көрсеткені, бұл балалар секцияларға бармағаны анықталған.
Н. жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ArtSport бағдарламасына қатысу құқығын алған. Ол ваучерлік қаржыландыру арқылы сабаққа қатысу табелін, көрсетілген қызмет актілерін жалған жолмен толтырған. Осылайша мемлекеттік бюджеттен оның есепшотына ақша аударылған. Салдарынан мемлекетке 1,4 млн теңгеден аса залал келген.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қалалық соттың үкімімен Н. бюджет қаражатын жымқырғаны үшін (ҚРҚК 190-бабы) кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ, 3 жылға материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!