Миллиондаған теңге субсидия алып, жеке мақсатқа жұмсаған: Түркістан облысында заңсыздық әшкере болды

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік субсидияны жымқырды деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асқан?

Тергеу нұсқасына сәйкес заңсыз схеманы іске асыру үшін үшінші тұлғалардың атына ресми түрде тіркелген 4 жеке кәсіпкерлік, "Нұр-Келес" ЖШС, "Бимен С." ЖШС пайдаланылған. Күдіктілер бұл кәсіпкерлік нысандарын өздеріне берілген электрон цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттар арқылы бақылауда ұстаған.

Осылайша ақпараттық жүйелерге мал сатып алу, олар қолда бары, сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәлімет енгізілген. Кейін осы мәлімет негізінде субсидия алуға электрон өтініштер берілген.

Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсатқа жұмсалған.

Залал сомасы

Залалдың жалпы көлемі - 103 млн теңге. 

Күдіктілер туралы

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 көлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!