Оңтүстік Корея шекарасынан заңсыз өтпек болған қазақстандықтардың туыстары "1001 түн" бағдарламасына келіп, оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әкем мүгедек, анам ауырып жатыр. Анамның отасына қаржы керек еді. Інім "Саят деген жігіт құжаттарды реттеп береді, мен 1-2 айға барып келемін" деді. Сол жігіт құжаттарын дайындап берді. Інім әкемнің батасын алды да, Кореяға ұшып кетті. Біраз уақыттан соң жылап қоңырау шалды. "Өтпей қалдым" деді, әкем "ештеңе етпейді, елге орал" деп еді, "анама ота қажет қой, менен басқа кімге үміт артасыздар" деп жалады. Әкем "бұйырғаны" деп жұбатты. Одан кейін хабарласпады. Біз жертөлеге түскен шығар деп онша алаңдамадық. Бұрыннан Korea Komek деген Instagram-парақшаға тіркелгенмін. Парақшада Нұрсұлтан мен Үмітжанның туғандары хабарлассын деп жазылған, мен оған мән бермедім. Тағы бір қарасам, інімнің ұшқан күні жазылған. Олар кеденнен қашып кеткен делінген. Ініме хабарлассам, телефоны сөндірулі. Кейін Самат (Korea Komek Instagram-парақшасының иесі - еск.) хабарласты. Ол балалар 24 сағаттың ішінде ұсталса, Қазақстанға қайтарып жібереміз, олар солтталмай" деді", - деп еске алды ұсталғанның әпкесі.
Біраз уақыт өткен соң Үмітжан әпкесіне хабарласып, қашпақ ойы болмағанын, неге мұндай әрекетке барғанын түсінбегенін айтқан. Әпкесі Үмітжанға Саматтың нөмірін беріп, оған хабарласуын өтінген.
"Бір кезде парақшада қолында кісені бар Үмітжанның суретін көрдім. Мен бірден Саматқа "ол ұсталмады ғой, өзі барып берілді ғой" деп едім, "солай болуы керек" деп жауап қайтарды. Оған жарайды дедім. Кейін Самат маған хабарласып, "3 миллион вон, 1 миллион 50 мың теңге берсеңіз, "балаңыз сотталмайды не 2 айға ғана сотталады" деді. Мен әке-шешемнің жағдайын айттым. Қолымда 310 мың теңге барын айтып едім, "болмайды" деді. Біраздан соң тағы хабарласып, 500 мың теңгеге келіскенін айтты. Сосын "адвокат келе жатыр, 500 мың теңге дайындайсыздар ма, әлде бала соттала берсін бе?" деді. Мен түнде көршілерден қарызға ақша жинап, салып жібердім. 24 сағатта баланы елге жіберемін деген Самат кейін 3 күннен кейін жіберемін деді. Бірақ баладан әлі хабар жоқ", - дейді ол.
Самат Үмітжанның ата-анасына елшіліктен хабарласып тұрмын деп жазған. Оның туысқандары бұл ақпаратты тексермей, оның айтқан сөзіне сенген. Үмітжанның әпкесі Оңтүстік Кореядан жиналған ақша түспегенін айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Екінші қазақстандық Нұрсұлтан Ырысбаевтың әкесі Руслан Омаров ұлының Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеуге бара жатқанын о бастан білген. Ол ұлы ұсталғаннан кейін оған хабарласа алмай жатқанын айтты.
Үмітжан әпкесінің айтуынша, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілік өкілдері шекараны заңсыз кесіп өткен қазақстандықтармен 11 сәуірде кездеседі.
Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандық ер адам Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз өтпек болғанын хабарлаған едік. Олар Оңтүстік Кореяға биыл 24 наурызда Ташкенттен барған.
Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз өтпек болған екінші қазақстандық өз еркімен полицияға барды
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!