- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Миллион алады“. Елімізде...
“Миллион алады“. Елімізде риэлтор қызметі қаншалық заңды?
Желіде елімізде риэлторлардың көбейгенін айтып, шағымданған ер адамның видеосы тарады. Оның айтуынша, риэлторлар жай ғана хабарлама салғаны үшін миллион теңге табыс тауып отыр. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Альбина Бахтиярқызынан риэлтор қызметі қаншалық заңды екенін сұрады.
Видеодағы ер адам қоғамды риэлтор қызметін қолданбауға шақырды.
"Мынау krisha.kz-тегі 3 бөлмелі пәтердің хабарламасының біріншісін мүліктің иесі, екіншісін риэлтор маманы жариялаған. Менің неліктен риэлторларға ашуым келетінін түсіндіріп, риэлтордың жұмысы өтірік екенін дәлелдегім келеді. Қараңыздаршы, екі пәтердің айырмашылығы 1 миллион теңге. Біз қарапайым қазақтар арзанырақ іздесек екен дейміз, бірақ арадағы болмайтын, дым пайдасы жоқ делдал миллион теңге пайда тапқысы келіп отыр. Қазақтар, өтініш, ақшаны риэлторға бермей, сайтқа өздеріңіз салып, сатыңыздаршы. Өтініш, бермеңдерші риэлторға. Риэлтор деген біз сияқты адамдар, жай ғана сіздің орныңызға хабарлама жариялайды да, үстінен миллион, 2 миллион, 500 мың теңге көреді. Оның орнына сол 500 мың теңге қарапайым қазақ өзіне бір зат сатып алсын немесе ол ақша өзіңізге түссін. Риэлтор дегенді мүлде жабу керек", - дейді ол.
@ccab.kz Риелторларды жауып тастау керек. Оларға бермеңіздер уйлеріңізді сатуға. Соларға дым истетпей байытып жатырқ
♬ оригинальный звук - Azilgo
Тағы бір желі қолданушысы риэлтор қызметі оған төленетін ақшаны өтемейтінін айтады.
"Риэлтор дегенді қай оңбаған шығарған? Түсіне алмаймын. Сабақ басталып жатқан соң, пәтер іздеп жатырмыз. Риэлторлар Алматыдағы барлық жақсы пәтерді алып алған, бір пәтердің жалға алу құны 300 мың теңге, оның үстіне 40 пайыз риэлторға төлейміз. Сонда біз 300 мың теңгеге пәтер аламыз және 120 мың теңге риэлторға төлейміз, тағы 200 мың теңге депозитке төлейміз. Барлығы 620 мың теңге. Олар бір пәтерге екі қыздан артық алмайды. Сонда пәтерге кіретін болсақ, біз 310 мың теңгеден төлеуіміз қажет. Сондай-ақ, риэлтор пәтерді көрсеткені үшін 3 мың немесе 5 мың теңге алады. Пәтерді krisha.kz-тен өзіміз тапқанымыз үшін риэлторға 120 мың теңге төлейміз. Бұл деген ақымақтық қой", - дейді студент-бойжеткен.
@qzq.dinara #риелтор #риэлтор ♬ оригинальный звук - Қызық ДИНАРА
Тағы бір TikTok қолданушысы риэлтор қызметінің ақысы тым қымбат екеніне шағымданған.
"Пәтер иесінің нөмірін сатып алу - 7 мың теңге. Риэлтор қызметі - 50 мың теңге. Студенттерді қарастырмаймыз. 250 мың теңгенің екі бөлмелі пәтеріне 4 қыз тым көп. Келісімшарт жасасатын кезде лақтырып кету. Астанадан пәтер іздейміз деп өмірден түңіліп кеттік қой", - деп жазған ол.
Фото: depositphotos.com
Адвокат не дейді?
Адвокат Альбина Бахтиярқызының айуынша, елімізде риэлтор қызметі арнайы заң бойынша реттелмейді, құзырғы органдар тарапынан бақыланбайды.
"Қазақстанда риэлтор қызметі арнайы заң бойынша реттелмейді. Бүгінде риэлторлық қызмет Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, ақылы түрде қызмет көрсетуге шарт жасасу бойынша, риэлтор мен оған жүгінген азаматтың арасында жазбаша түрде шарт жасалады, сол шарттың нормаларының бәрі Азаматтық кодекске сәйкес болуы тиіс. Бұл қызмет құзырлы органдар тарапынан да ешқандай бақыланбайды. Сондықтан 2024 жылы шенеуніктер алдағы уақытта риэлтор қызметін қадағалау және оларға арнайы заң шығару мәселесі көтерген болатын, бірақ бұл тақырып талқылау сатысында қалып қойды", - дейді маман.
Оның сөзінше, риэлтордың міндеті, құқығы, жауапкершілігі Азаматтық құқықтық қатынастан туындайды. Яғни, риэлтор мен оның клиентінің арасында жасалған шарттың негізінде. Шартта не жазылады, сол бойынша олар өз міндеттерін орындайды.
"Айта кететін жайт, бүгінде риэлторлардың жазбаша шартына назар аударатын болсақ, құжатта келтірілген кейбір шарттар заңға қайшы болып жатады. Азаматтар осы тұрғыдан өз құқығын білуі тиіс. Мысалы, оларды жауапкершілікке тартудың өзі Азаматтық құқықтық тұрғыдан қаралады", - деп ескертті Альбина.
Сонымен қатар, риэлтор қызметіне қойылатын талап, олардың ақысы үшін белгіленген шекті норма жоқ екенін ұмытпаған жөн, өйткені елде жалпы риэлтор қызметіне арналған заң жоқ.
"Нарықта қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, қазіргі кезде риэлторлар бір пәтердің құнын немесе оның ақысының 30, 40, 50 пайызын сұрап жатады. Бүгінде заңның негізгі кемшілігі осы. Ешқандай риэлтор қызметі тиісті түрде реттелмеген", - деп түсіндірді адвокат.
Фото: depositphotos.com
Кейбір риэлторлар пәтерді көрсетпес бұрын үйді сатып алуға ниетті адамның жеке куәлігін талап етеді. Олар клиенттің жеке мәліметтерін енгізу арқылы үйді немесе пәтерді көрсету актісін толтырады.
Бұл процедура заңды ма?
"Риэлтордың кез келген талабы заңды негізде болуы тиіс. Егер екі тарап шарт жасасып, тараптардың аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілетін болса, ол заңға қайшы емес. Өйткені заң бойынша шарттың негізгі пәні және ол бойынша атқарылатын тиісті мәселелер көрсетілген. Ол солардың қатарына жатады. Ал егер риэлтор клиентті көрмес бұрын, телефон арқылы жеке бір деректерді талап ететін болса, ол заңға қайшы. Өйткені ешкімнің жеке заңмен қорғалатын, жеке деректерді талап ететін құқығы жоқ", - деп жауап берді Альбина Бахтиярқызы.
Әдетте риэлтор мен оған жүгінген азамат жеке кездесіп, барлық сұрақтың жауабы алынғанда, арада шарт жасалады, кейін үйді сатып алуға ниетті азамат пен пәтер иесімен бөлек шарт жасалады. Егер пәтерді сатып алу немесе жалға алу кейінге шегерілетін болса, шарт алдын ала жазбаша түрде жасалуы қажет. Тіпті кепілақы беретін кезде де, оған құжат толтырып, риэлтор немесе мүлік иесі клиенттен қаражат алғаны туралы қолхат жазуы тиіс.
Фото: depositphotos.com
"Өзін риэлтор ретінде таныстыратын алаяқ көп"
Сонымен қатар, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі пәтер іздеу кезінде көптеген адам алаяқтың құрбанына айналып жататынын айтты. Осыған байланысты, алаяқтың арбауына түспеудің бірнеше жолын ұсынды.
Біріншіден, ешқашан, ешкімге телефон арқылы жеке куәлігіңізді немесе заңмен қорғалатын деректерді таратпаңыз.
"Мысалы қазіргі кезде пәтер салып алатын адам, объектіні өз көзімен көруі тиіс. Көру үшін объектіге барған кезде ғана, риэлторды бетпе-бет көріп, тиісті құжаттарын көргеннен, көз жеткізгеннен кейін ғана онымен шарт жасасып, оған төлеуіңіз қажет. Оған дейін ешқандай онлайн аударым жасауға, қосымша арқылы төлем жасауға болмайды. Бұл негізгі мәселе", - деді ол.
Екіншіден, елімізде риэлтор қызметін көрсететін компания өте көп. Компаниялар арқылы маманның қаншалық заңды жұмыс істейтінін интернет немесе кеңселеріне бару арқылы тексере аласыз.
"Жеке тәжірибемде кездескен оқиғаны бөлісейін. Мен пәтер сатып алатын кезде белгілі бір хабарламаларды іздеп, қарап отырып, өзін риэлтор ретінде таныстырған алаяқтарға тап болдым. Олар не істеді? Олар әріптесім адвокаттың аты-жөнін пайдаланып, өзін риэлтор ретінде таныстырған, заңды білеміз деп адамдары сендіру арқылы олардың ақшасын ұрлаған. Нәтижесінде мен сол әріптесіме хабарласып, оның атын пайдаланып, алаяқтық жүріп жатқанын анықтадым, ол полиция департаментіне жігінді. Мұнда жағдай өте көп. Осы секілді интернетте кім көрінгенге сене беруге болмайды, "ақша жібер" десе жібере салуға болмайды. Алдымен, көріп-біліп, шарт жасасу керек", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә