Ақмола облысында мердігер компаниялардың жауапсыздығы салдарынан ондаған ауыл ауызсусыз отыр. Құбыр орнатуға бюджет қоржынынан миллиардтар бөлінгенімен, бүгінгі күнге дейін олар аяқталмай қалған. Бірақ жергілікті атқарушы билік органдары ешқандай әрекет етпей отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстың бес ауданында 6 ауылда су құбырын тарту жобаларын ұтып алған Талдықорған қаласынан келген "Монолит" компаниясына жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Барлық нысан орындалмауына байланысты ұзартылған. Сол сияқты 4 елді мекенде су тарту үшін 1 миллиард теңгеден аса қаржыны алған "Дәнекер" компаниясының нысандар сол күйі аяқталмауынан ұзартылған. Мердігер өңірдің бірнеше ауданында жосықсыз қатысушы деп танылды.
Халықтың ащы жанайқайын туғызған компаниялар облыстың бірнеше елді мекендерінде ауызсу құбырын орнатамыз деп бюджет қоржынынан миллиардтаған қаржыны ұтып алған. Бірақ пайдалануға беру уақыты әлдеқашан аяқталғанымен салынбаған нысандарды соңына дейін жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдар келісімшарт уақытын сағызша созудан басқа амал таппапты. Бір қызығы мердігер компаниялар облыстың әр қиырындағы бірнеше елді мекенде бір уақытта су құбырын орнатпақ болған.
Мәселен, Зеренді ауданының Алексеев ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту үшін "Монолит" компаниясына 2021 жылғы наурызда 319 миллион теңгеден аса қаржы толық бөлінген. Жергілікті әкімдік жобаны 2021 жылы аяқталмаған соң 2022 жылғы маусымға, одан сол жылдың соңына дейін созған. Бірақ нысан күні бүгінге дейін аяқталмаған. Дәл сол компания Есіл ауданының Заречное ауылын сумен жабдықтау жүйесін жаңартпақ болып, 2021 жылғы мамырда келісім жасаған. Жоспар бойынша 2022 жылы аяқталуы тиіс болғанымен қымбатшылық сылтау болып, жоба сомасы 398 миллион теңгеден, 632 миллион теңгеге қымбаттаған. Жұмысты аяқтау енді 2024 жылдың соңына дейін тағы ұзартылған. Тағы да сол "Монолит" компаниясы Есіл ауданы Игілік ауылында су құбырын салу үшін 2021 жылдың 1 маусымына 142 миллион теңгеден астам қаржыға келісім жасаған. Нысан аяқталмай 2023 жылдың соңына дейін ұзартылыпты.
Бұланды ауданының Никольское селосына да су құбырын салу дәл осы "Монолит" ЖШС-нің мойнына жүктелген. Бұл ауылға да су құбырын салу бойынша келісімшарт 2021 жылдың сәуірінде жасалған. Жалпы сомасы 474 миллион теңгеден астам қаржы қаралған жоба былтыр желтоқсанда болған. Алайда тағы да баға қымбатшылығына байланысты түзету енгізіліп, қаржы сомасы 786 миллион теңгеден астам қаржыға қымбаттаған. Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында да дәл сол 2021 жылы су құбыры желісінің құрылысына 429 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Былтыр аяқталуы тиіс болған жоба тағы биылғы жыл соңына дейін қосымша жобамен тағы ұзартылған. Жарқайың ауданының Шойынды көл ауылында да жер астынан су көздерін шығаруға аталған компания 429 миллион теңге қаржы алған Жоба 2021 жылдың соңында басталып 7 ай ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда тағы да қосымша келісім жасалып, іс 2024 жылдың желтоқсанына дейін созылған. Бірнеше ауданда іс сотқа берілгенімен күні бүгінге дейін аталған компания мемлекеттік сатып алу конкурстарына жосықсыз қатысушы болып табылмай әлі де жұмысын жалғастыру үстінде.
Дәл осындай жолмен Жезқазған қаласынан келген "Дәнекер" компаниясы да ондаған ауылды ауызсудан тарықтырған. Ерейментау ауданының Сілеті ауылында 2021 жылдың ақпанында 464 миллион теңгеден астам қаржыға су құбыры салынуы тиіс болған. Жоба алты ай ішінде ғана аяқтау міндеттелген. Алайда бүгінде келісім жобасы 2023 жылдың соңына дейін ұзартылған. Дәл осы ауданның Ақмырза ауылында 2021 жылдың наурызында су құбыры желілерін жаңартуға 231 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. 5 ай ішінде аяқталуы тиіс жоба тағы да осы жылдың желтоқсанына дейін созылған. Біржан сал ауданының Үлгі ауылында да дәл осы "Дәнекер" компаниясы 2021 жылдың соңында 552 миллион теңгеден астам қаржыға су құбыры желісін жаңартуға жобасына келісім жасаған. Тоғыз айда аяқталуы тиіс болған жоба қосымша келісіммен тағы осы жылдың соңына дейін ұзартылыпты. Бұланды ауданының Макинск қаласында да сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау үшін өткен жылдың маусымында 216 миллион теңге сомасы бөлінгенімен жұмыстар аяқталмаған. Мердігер компания бүгінде жосықсыз деп танылған.
"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша филиалының сарапшысы Самира Тайтенованың айтуынша, бұл компаниялар жобаны аяқтағанға дейін жұмысын жалғастыра бермек. Бірнеше аудан әкімдіктері "Монолит" компаниясын сотқа бергенімен, компания мемлекеттік сатып алуда жосықсыз деп танылмаған.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!