ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Схема қалай жүзеге асқан?
Күдікті 2013 жылдан 2025 жылға дейін тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген. Мәмілелерге заңды сипат беру үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетілген. Себебі құжатта алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған.
Қарыз бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5-10 пайызы болған, бұл жылдық есеппен 60-120 пайызға тең. Сондай-ақ, қарыз қайтарылуы үшін мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген.
Заңсыз табыс көлемі
Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асқан.
"Күдіктінің әрекетінен азаматтар зардап шеккен. Тез қаржылай көмекке үміт артқан олар жоғары пайыз мөлшерлемесіне, мүлкінен айырылу қаупіне тап болған. Күдікті қарыз алушыларды ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеп, жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, күдікті сот процестеріне бастама жасап, 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжат негізінде екі рет өндіріп алған. Міндет іс жүзінде орындалғаны туралы мәлімет сотқа әдейі ұсынылмаған.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен келген қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Тыйым салынған мүлік қатарында 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ, Land Rover Range Rove, Hyundai Staria көліктері бар.
Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова