Миллиардтаған теңге бөлінген Астананың ескі вокзалы қашан ашылады?

Миллиардтаған теңге бөлінген Астананың ескі вокзалы қашан ашылады?
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Астананың ескі теміржол вокзалы біртіндеп жаңарып келеді. Бұрын құрылыс жұмыстары жүріп, бұзылып жатқан ғимараттың орнына қазір сырты әйнекпен қапталған заманауи нысан бой көтерген. Tengrinews.kz тілшілері вокзал маңына барып, жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2025 жылғы тамызда елордадағы "Астана-1" теміржол вокзалын күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Бұған дейін вокзал ұзақ жылдар бойы жаңартылмаған.

Жоспар бойынша вокзал 2026 жылдың қазан айының соңына дейін ашылуға тиіс болатын. Алайда қараша басталса да, құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Сырттай қарағанда ғимараттың негізгі бөлігі дайын сияқты көрінеді. Дегенмен басты есік арқылы ішке кіру әзірге мүмкін емес. Әйнек есіктердің алдындағы кең баспалдақ қызғылт сары құрылыс торымен қоршалған.

ремонт вокзала Астана-1
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Үлкен терезелердің ар жағынан кейбір жұмыстардың әлі аяқталмағанын байқауға болады. Екі жұмысшы арнайы аспалы платформада тұрып, ғимараттың сыртқы қасбетін әрлеп жатыр.

рабочие ремонтируют фасад
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Вокзалдың тарихи бөлігінде де құрылыс жүріп жатыр. Онда мұнаралы кран жұмыс істеп тұр. Ал жапсарлас салынған ғимаратқа әлі терезе орнатылмаған. Қабаттары ашық, бетон қабырғалары да сол күйі тұр.

старый вокзал Астаны
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Ғимарат шатырына "АСТАНА" деген үлкен жазу мен "Самұрық-Қазына" қорының логотипі қойылған.

Астана-1 вокзал
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Вокзал маңындағы алаңда да өзгерістер байқалады. Ғимарат бойына жаңа тас төсеніштер төселіп, шыршалар егілген.

привокзальная площадь в Астане
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

молодые елиФото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Алаңды абаттандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жұмысшылар жолды жөндеп, ескі асфальтты алып тастап жатыр. Сондай-ақ, көлік тұрағына шектегіштер орнатылып, жолға таңбалар сызылып жатыр.

работы на старом вокзале Астаны
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

ремонт на старом вокзале Астаны
Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Құрылыс жүріп жатқанына қарамастан, вокзалдағы жолаушылар қозғалысы тоқтаған жоқ. Адамдар қолдарына чемодан, сөмке мен жүк салынған қораптарын ұстап, пойызға мініп, сапардан оралып жатыр.

пассажиры на вокзалеФото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Қыркүйектің аяғында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов "Астана-1" вокзалы қазанның аяғына дейін ашылатынын хабарлаған болатын. Жөндеу аяқталған соң ғимараттың аумағы шамамен 7 мың шаршы метрден 8,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

Алайда "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясының баспасөз қызметі вокзалдың ашылу мерзімі тағы өзгергенін мәлімдеді. Енді жаңартылған вокзалды қарашаның аяғында ашу жоспарланып отыр.

Tengrinews.kz редакциясы вокзалдағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылай бермек.

Астана-1 вокзалын жөндеуге қанша қаржы жұмсалады?

2024 жылы сол кездегі көлік министрі Марат Қарабаев Tengrinews.kz басылымына берген сұхбатында "Астана-1" вокзалын күрделі жөндеуге шамамен 6 миллиард теңге жұмсалатынын айтқан еді.

как будет выглядеть вокзал Астана-1 Иллюстрация: ҚТЖ

Алайда 2026 жылғы наурызда Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жобаның құны 16 603 630 982 теңгеге бағаланғанын хабарлады.

Жазда вокзалды жаңарту жобасы әлі мемлекеттік сараптамадан өтпегені белгілі болды. Редакция мамандары мұның себебін және бұл жағдайдың жөндеу мерзіміне қалай әсер ететінін анықтаған еді.

реконструкция вокзала Астана-1Иллюстрация: Көлік министрлігі

Кейінгі мәлімет бойынша, жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда вокзалды жаңартуға нақты қанша қаржы жұмсалатыны әзірге хабарланған жоқ.

Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр

2026 жылдың аяғына дейін еліміздегі 124 теміржол вокзалын жөндеу жоспарланған.

3 қыркүйекте Көлік министрлігі ел бойынша 100 вокзалдағы құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған еді.

"Қазір 100 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Жоба жолаушылар инфрақұрылымын кешенді жаңартуға бағытталған. Нысандардың техникалық жай-күйіне байланысты қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілді немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды", – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның баспасөз қызметі жаңартылған нысандардың барлығында шатырлар мен ғимараттардың сыртқы қасбеттері жөнделгенін хабарлады. Сондай-ақ, су құбыры, кәріз, жылу, электр және байланыс желілері ауыстырылып, вокзал маңындағы аумақтар абаттандырылған.

Вокзалдардың ішкі көрінісі де жаңарады. Онда заманауи жиһаздар орнатылып, желдету және ауа баптау жүйелері жетілдіріліп жатыр. Бұдан бөлек, бейнебақылау, өрт және күзет дабылы, сондай-ақ, ғимаратқа кіріп-шығуды бақылау жүйелері жаңартылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget